Қазақстанның үздік жоғары оқу орындары анықталды

0

2020 жыл бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының рейтингі жарияланды, деп хабарлайды Qainar.kz.

Зерттеу жұмыстарын ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша жұмыс берушілердің қатысуымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізді. Рейтингке ІІМ, ҰҚК және Қорғаныс министрлігіне бағынышты ЖОО-лардан басқа еліміздің барлық жоғары оқу орны қатысты.

Рейтинг нәтижесі бойынша анықталған мықты университеттердің ондығында Академиялық адалдық Лигасының құрамындағы университеттер де бар:

1. М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті;

2. Қазақстан-Британ университеті;

3. КИМЭП университеті;

4. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті;

5. Қазақстан-неміс университеті;

6. Сүлеймен Демирел атындағы университет;

7. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;

8. Халықаралық білім беру корпорациясы;

9. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті;

10. Нархоз университеті.

108 университет бойынша 2 мыңға жуық білім беру бағдарламасын зерттеу жұмысына 6 мың сарапшы қатысқан. Рейтинг жоғары оқу орындарының артықшылықтарын анықтау, беделін көтеру және білім беру сапасының ұлттық және халықаралық нарықта деңгейін көтеруге бағытталған. Зерттеу барысында түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері, жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері ескерілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 27 мамырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында жоғары оқу орындары арасында бәсекелестікті дамыту қажеттігін атап өтті. Бәсекелестікті дамытудың бірден бір жолы — қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары нарықтағы сұранысқа қаншалықты сай келетінін анықтау, ЖОО-лар арасында рейтинг жасау.

Қазақстан коронавирус бойынша «жасыл» аймақта тұр

0

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың ақпаратына сәйкес, әлемде коронавирус инфекциясы бойынша жағдай әлі де күрделі. 220 мемлекетте 84 млн адам КВИ жұқтырған, оның 1 млн 840-ы қайтыс болды, яғни науқастың 2,2% көз жұмды, деп хабарлайды Qainar.kz.

Салалық ведомство басшысының атап өтуінше, елімізде 156 943 науқас COVID-19 жұқтырған және 45 946 адамға КВИ диагнозы қойылған. Бүгінде пациенттердің 87% індеттен жазылып шыққан, ал маусым-шілде айында айыққандар қатары 60% аспайтын.

«Республика қаупі төмен — жасыл аймақта тұр. Жоғары қауіпті аймақта немесе қызыл аймақта Атырау облысы қалды. Сары аймақта немесе орташа қауіпті аймақта 6 өңір: Солтүстік Қазақстан облысы, және Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары», — деді А.Цой.

Елордада жаңажылдық ертеңгіліктер мен корпоративтер өткізуге тыйым салынды

0

Нұр-Сұлтанда қалалық бас санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиеваның қаулысына сәйкес, жаңажылдық ертеңгіліктерге, корпоративтерге және тойлауға арналған басқа да мерекелік іс-шараларға тыйым салынады, деп хабарлайды Qainar.kz.

«Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңажылдық ертеңгіліктерді, корпоративтерді және тойлауға арналған басқа да орындарда өткізуге тыйым салынды. Мобильді топтар күшейтілген режимде санитарлық нормалардың сақталуын бақылайтын рейдтер жүргізуді жалғастыратын болады. Тәртіп бұзушылар жауапқа тартылады. Бірнеше рет бұзғаны үшін сот «Alanya» түнгі клубы мен «Tekuila» кафе-барының қызметін үш айға,«Janym Sol» караоке-барының қызметін бір айға тоқтатты. Сондай-ақ сотта  9 нысанға қатысты материалдар бар»,- деді Жанна Пірәлиева.

Жаңа оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Әліппені» кириллицамен оқиды

0

Жаңа оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Әліппені» кириллицамен оқиды. Ал мектептерді кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшіру басталғанда, оны латын әліпбиіне көшіріп, ары қарай жұмыс істейміз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Qainar.kz.

«Мақсатымыз — «Әліппені» ертерек оқу бағдарламасына кіргізу. Латын әліппесі бойынша тиісті шешім қабылданды. Ол бойынша латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Келесі жылдан бастап әліппемен оқуды бастау керек. Ол әліппе кириллицамен болады», — деді ведомство басшысы өз жауабында.

Асхат Аймағамбетов өз баяндамасында айтып өткендей, қазіргі кезде «Әліппе» мектеп бағдарламасына және мемлекеттік стандартқа енгізілді. Ел бойынша 100-ден астам мектепте жаңа оқулықтар бойынша пилоттық режимде оқыту басталды. Пилоттық жоба аяқталған соң келесі жылы қыркүйек айынан бастап Қазақстанның барлық мектептерінде бүлдіршіндер «Әліппемен», одан кейін «Ана тілімен» білім алатын болады.

Асхат Аймағамбетов: 1 қаңтардан бастап педагогтердің еңбекақысы тағы 25%-ға ұлғаяды

0

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын іске асыру аясында педагогтердің еңбекақысын 4 жылда 2 есеге арттыру көзделген. 2020 жылы оқытушыларының еңбекақысы 20%-ға өсті. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің еңбекақысы тағы 25%-ға ұлғаяды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Qainar.kz.

Сондай-ақ ол мектеп мұғалімдеріне 10-нан астам бағыт бойынша қосымша ақы төленетінін атап өтті. Мысалы, магистр дәрежесі, тәлімгерлік, сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені және т.б. бойынша әртүрлі көлемде қосымша ақы қарастырылған.

«Айта кетейін, біз педагогтердің еңбекақысын көтеру туралы айтқанда бұл тек мектеп мұғалімдеріне ғана қатысты емес. Бұл жерде балабақша, колледж педагогтары, қосымша білім беру жүйесі де қамтылады. Сондықтан біздің барлық әріптестеріміз мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Олардың еңбекақысы өседі. Сонымен қатар, олардың еңбекақысы 25%-ға артады, білім беру жүйесінде әр түрлі қосымша төлемдер бар: біліктілік санаты үшін. Категорияға байланысты мұғалім өз еңбекақысының 30-50% дейін ала алады. Егер ол шебер болса — ол ай сайынғы қосымша төлем ретінде жалақысының 50%-ын ала алады. Ағылшын тілінде пәндерді жүргізгені, дәптерлерді тексергені, сынып жетекшілігі, магистр дәрежесі үшін биыл алғаш рет әріптестеріміз ай сайын 27 000 теңге мөлшерінде қосымша ақы ала бастады. Бұл 25% емес, бірақ одан да көп. Мұны статистика нәтижелері көрсетіп отыр», — деді А.Аймағамбетов.

Ол сондай-ақ ЖОО оқытушыларының еңбекақысы 28%-ға, мемлекеттік ЖОО оқытушыларының еңбекақысы 20%-ға өскенін жеткізді.

«Бұл Мемлекет басшысының қолдауының арқасында мүмкін болды. 2011 жылдан бастап алғаш рет гранттар құны 2 еседен астам ұлғайды. Бұл ЖОО-ларға қыркүйек айында профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы арттыруға мүмкіндік берді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады», – деп сендірді министр.

Тамсандырған, таң қалдырған – Түркия

0

Әлемнің ондаған мемлекетінен 34 БАҚ өкілдері Түркияның екі қаласында 7 күндік пресс-тур жасады. Онда қазақ елінен екі журналист қатысты, деп хабарлайды Qainar.kz.

Кония – Түркияның Түркістаны

Кония қаласында тропикалық көбелектер бағы бар. Қыстың кезінде іші +30°С болып тұрады. Үш мыңнан аса көбелек түрі бар. Жылына 400 мың саяхатшы келетін орталық, шынымен де ғажап. Айнала толы түрлі-түсті, үлкенді-кішілі көбелектер. Бұл табиғаттың ғажап сыйын қолмен жасалған әйнек ғимараттың ішіне жинап, оған жайлы орта жасау, кім-кімнің ойына келе бермес дүние.

Көбелектер бір аптадан, бір жылға дейін өмір сүреді. Айтпағымыз, әрине бұл емес. Тәжтажал өршіп тұрса да #SafeTourismTurkey деп ұрандатып, сол айтқандарын шын мәнінде көрсетіп жатыр. Барлық жеке қолданатын заттарды пакетпен қаптаған. Ас ішетін қасық пен нанға дейін. Дені сау адам бұл елге қорықпай-ақ демалуға келсе болады.

Желтоқсанның 13-21 аралығында әлемнің түрлі мемлекеттерінен 30-дан БАҚ құралының өкілдері Түркия тараптың шақыруымен Ыстамбұл-Кония қалаларында болды. Қазақстаннан барған екі журналисті Түркітілдес журналистер қоры жіберді.

Кониядағы тарихи орындар сізді өзгеше әлемге жетелейді. Тасқа салынған өрнек пен Құран аяттарының хұсни үлгісіне қарап таңдай қақпау мүмкін емес. Адамның басында кішігірім жарылыс болады. Бүгінгі пенде баласының соншама бейшаралығына көзің жете түседі. Түгел бүтін, алып тасқа қашалған мың жыл бұрынғы мұра. Еш бүлінбей бүгінгі таңға дейін жетіп отыр. Ал, екі мыңыншы жылдары салынған ғимараттың үш мыңыншы жылға жетер-жетпесі де неғайбыл…

Ыстамбұл Нью-Йорк сияқты өзгеше әлем

Ыстамбұлға әр барған сайын адам қаланы жаңа қырынан тани түседі. Стихлал атты тарихи көше бар. Көшенің төменгі жағы Галата мұнарасына келіп тіреледі. Бұл жай ғана мұнара емес. Тарихы сөйлеп тұрған мұнара.

Ең басында ағаштан салынып, бұғаздағы кемелердің жүрісін бақылауға арналса, кейін ол қызметі маңызды болмай, өртті бақылау мұнарасына айналыпты. Қай жерден түтін шыққанын бақылап отырады. Ал қазір туристік нысан. Күніне мыңдаған адам келіп мұнара биігінен қаланы тамашалайды. Биіктігі 61 метр.

Стихлал көшесіндегі шіркеу қаланың нағыз мәдениеттердің тоғысқан жері екенін көрсетіп тұр. 19 ғасырға тиеселі болса керек. Шіркеуді көріп, жанарлары жасаурап, жымия фотоға түсіп жатқан еуропалық жұрттың аяғы үзілмейді екен.

Одан сәл төмен Ресей консулдығы орналасқан. Бір замандарда ағаштан салынған орыс елшілік ғимараты өртеніп, оны басқа жаққа салуға тура келеді. Сонымен орыстың қатын патшасы орыс елшілігі орыс топырағының үстінде тұруы керек деп Ресейден кемемен топырақ әкеліп төсеп, оның үстіне қазіргі ғимаратты тұрғызған екен. Ресейдің бас елшілігі Анкарада.

Ыстамбұл тарихына арналған тағы бір мұражайға барудың сәті түсті. Алып бір залы кәдімгі таразыға арналған. Сауда қаласы болғаннан кейін де шығар, таразының не бір қызықты түрлері бар екен. Жасалу техникасы да күрделі. Бір қызығы, кәдімгі таразының тасы ретінде пайдаланған үлкенді-кішілі темір асық өте көп екен. Біздің ата-бабамызбен қатысы бар-ау деп шамаладым… Кірдің тасы қызықты формаларда жасалыпты. Адамның басы, асық, төрт бұрыш, алты бұрыш…

Ыстамбұлдағы тағы бір тоқтаған жеріміз – өзбек тақиясы. Тақия 1752 жылы нақышбанилер жағынан салынған. Тақия тұрған төбе ол заманда Османлы патшасының аңшылық құратын мекені болған. Бір күні патша төбе басындағы шатырды көріп, жөн сұрауға кісі жібереді. Сөйтсе, Орта Азиядан келген қажылар екен. Сөйтіп, патша оларға арнайы жер беріп, үй салуына рұқсат етеді. Сол күннен бастап Түркістан мен Ташкеннен қажылыққа бара жатқандар осында түсел жасаған. Қонақтап Меккеге барар құжаттарын реттеп алып отырған екен. Өйткені, ислам әлемі Осман империясына бағынды ғой. Түркияның тәуелсіздік соғысы жылдарында Ататүрікке жақсы көмек жасаған. Мұнда сарбаздар мен оқ-дәрі жіберу үшін құпия база мен аурухана қызмет атқарған. Сол үшін кейін барлық тақиялар жабылғанда, өзбек тақиясы ол тізімге ілінбей, қазірге дейін жұмыс жасап тұр.

Өзбек тақиясынан кейін Ыстамбұл қаласының маңындағы Түркияның тарихи фильмдер түсіретін қалашығына бардық. Үлкендігі жағынан әлемде екінші орында тұрады екен. “Ер Тұғырыл” т.б тарихи сериалдар осында түсіріліпті. Фильмнің кейбір жерлері әлі жарияланбағандықтан өзімізге фото-видео түсіруге рұқсат берген жоқ.

Тарихи қалашықты салумен жалпы жүз елуге жуық адам айналысады. Жақында Шыңғысханға қарсы шыққан Хорезмшах туралы сериал түсіріп жатыр екен. Түркияда көшпенділердің басын қосып, ұлы империя құрған Шыңғыс атамызды жауыз, мәдениетті құлатушы деп айыптайды. Онысын қарапайым логикаға салып түсірдіргісі келеді. Жеке басымызға ең ұнамағаны осы болды.

Ал, бұл қалашықта бүкіл көшпенділер тарихы қайта жазылып жатыр десек артық айтқандық болмайды. Мұндай істі жасау үшін тек ұлтты сүю керек, оның тарихына махаббатпен қарау керек. Қымбат мүлік, ақшаны суша шашу да жоқ. Бәрі қарапайым ғана істелген.

Түркия сапарымызды аяқтап елге қайтатын уақыт та келді. Бәрі үшін рақмет! Түркітілдес журналистер қорының төрайымы Нәзия Жояменгенқызына айрықша алғыс айтамын. Қор Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің осы шарасына бізді жіберді. Барлық шығынды Түркия тарапы төледі. Көрмеген жерді көру, баспаған тауға шығу бақытын бұйырды. Ондаған мемлекеттен 34 БАҚ-тың журналистері, блогерлері жиналған екен. Қазақстаннан «Астана» арнасының тілшісі Еркін Қарин екеуміз жүрдік. Алған әсеріміз өте көп. Пандемияға қарамай түрік туризм саласының қалай жұмыс жасайтынын көрдік. Көзімізді жеткізді. Ондайда тек іштен тынып, біздің ел де осындай болса ғой шіркін деген ой өзегіңді өртей жөнеледі. Дамыған елдің әр жетістігін ішінде жүріп, қолмен ұстап, ауасымен тыныстап тұрып сезгеннің жөні бөлек.

“Алашым неге тоқырап қалды, біздің елдің ертеңгі күні не болмақ, шәу еткен орыстың екі итіне тәйт дейтін бір ақ жағалының жоғын-ай” деген сан түрлі ойлар ішіңді жегідей жейді. “Абайдың” алты сериясы жарық көрді ғой. Қарап отырсаң қазақ түк те өзгермеген. Сайлауда жеңсем, паралап алсам, малымды қалай көбейтсем деген баяғы тірліктің өзгергені шамалы екен.

Қалай десек те, барын бағалап, соны әлемге көрсете алған жұрттар озып тұр. Туристік әлеует біздің елде де жоқ емес. Тек, соған жағдай жасап, жолын төсеп, бағасын шарықтатпай ұстап тұрса дейсің…

Мейіржан Әуелханұлы

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ресми түрде «Отбасы банк» атанды

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 11 мамыр айында айтылған тапсырмасына сәйкес, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы өзінің ресми атауын «Отбасы банк» деп өзгертті, деп хабарлайды Qainar.kz.

2020 жылдың 20 желтоқсанында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамын «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамына қайта тіркеу жүргізілді.

Бүгінгі күннен бастап Банктің толық атауы:

– мемлекеттік тілде: «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы;

– орыс тілінде: акционерное общество «Жилищный строительный сберегательный банк «Отбасы банк»;

– ағылшын тілінде: joint stock company «Otbasy bank» house construction savings bank».

қысқаша атауы:

– мемлекеттік тілде: «Отбасы банк» АҚ;

– орыс тілінде: АО «Отбасы банк»;

– ағылшын тілінде: JSC «Otbasy bank».

Банктің жалғыз акционері болып – акциялардың мемлекеттік пакетін иеленуге және пайдалануға 100% құқығы бар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қала бермек. Банктің заңды тұлға ретіндегі ресми атауы ғана өзгертіледі.

Бүгіннен бастап «Отбасы банк» деп аталатын бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын банк ретінде қала бермек. Сондай-ақ қаржы құрылымы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы міндетіндегі қызметін де өзгертпейтін болады.

Сонымен қатар, 2021 жылы «Отбасы банк» тұрғын үйді тіркеу, есепке алу, үлестіру жұмыстарын бір орталықтан жүзеге асыратын толыққанды даму және қолдау институтына айналады. Ал бұл міндеттерді іске асыру үшін кезекке қою жүйесін әкімдіктерден «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкiне» тапсырып, тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Баспанамен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланған. Бұл жағдайда тұрғындарымызға баспанаға мұқтаж екенін растау үшін бірнеше мекемеге жүгініп, кезекте тұрып, ізінше несие алу үшін банкке келіп әуре-сарсаңға салынбай, мәселесін бір орталықтан шешу мүмкіндігі туады.

«Банктің дамыған инфрақұрылымы, ақпараттық және технологиялық қоры тұрғындарымызды, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетеді, үй алуға кезек құру жүйесін басқару мүмкіндігін кеңейтеді, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға баспана алу рәсімін оңтайландырады. Сонымен қатар банк 1,7 миллионнан астам салымшы мен 181 мыңға жуық займ алушыларға қызмет көрсетуін жалғастыра отырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберіндегі өзінің негізгі қызметін үзбейді» – деп, банктің атауы өзгеруіне байланысты «Отбасы банк» Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова пікір білдірді.

Бүгінгі күні банктің депозиттік портфелі 976 млрд теңгеге тең. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге дейін жетеді деп жоспарлануда.

Қазақстанда 25 желтоқсаннан бастап шектеу шаралары күшейтіледі

0

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді, деп хабарлайды Qainar.kz.

Санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой, дәрі-дәрмектерге баға саясатын мониторингтеу жұмысы туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы С. Жұманғарин, карантиндік шаралардың сақталуын бақылау туралы ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, өңірлердегі жағдай туралы Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов, Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндады.

ҚР-да коронавирус инфекциясының таралуы бақыланатын деңгейде тұр. Коронавирус инфекциясымен жаңадан сырқаттанғандардың тәуліктік өсімі 0,4%-ды, репродуктивтік көрсеткіші 0,9-ды құрайды. Инфекциялық төсек орындарының толымдылығы – 28%, реанимациялық төсек орындарының толымдылығы – 20%. 5 өңір жоғары және орташа тәуекел аймақтарында орналасқан, атап айтсақ: Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары.

Келесі жылғы қаңтар-ақпан айларында ЖРВИ мен тұмаудың өсуі аясында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар.

Осыған байланысты ВАК бірқатар шешім қабылдады:

1. 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.

2. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін «Теңіз» кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі.

3. Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылдау.

Сонымен қатар білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданды:

– оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылсын;

– оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;

– II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын.

Үкімет басшысы әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.

Премьер-Министр әкімдердің назарын қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшаларды сапалы санитарлық өңдеу, сондай-ақ егу пункттерін вакцинациялауға дайындау қажеттігіне аударды.

Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Ұлттық арнада «Абай» және «әл-Фараби» телехикаялары эфирге шығады

0

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жылдың басты жобасы – ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай» және әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «әл-Фараби» телехикаяларының тұсауын кеспек. Тарихи туындылар «Qazaqstan» телеарнасынан 16-20 желтоқсанда эфирге шығады, деп хабарлайды Qainar.kz.

«Абай» телехикаясы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі оқиғаларды арқау ете отырып, Абай өмір сүрген кезеңді бейнелейді. 6 бөлімнен тұратын сериалда ақын өмірінің үш кезеңі қамтылған. Абайдың кемеліне келген шағын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, жас Абайдың бейнесін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов, ақынның бозбала шағын актер Әли Тұрсынхан сомдады. Құнанбай рөліне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай, Абайдың анасы Ұлжан рөлін сомдауға белгілі актриса Гүлшат Тұтова, әжесі Зеренің рөліне Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Рахилям Машурова таңдалды.

«Бұл – Абай туралы түсіріліп отырған алғашқы сериал болғандықтан, көрермен мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің салмағы қаншалықты ауыр болатынын о бастан түйсіндік. Отандық киноиндустрия, оның ішінде тарихи фильмдер түсіру әлі де даму үстінде, елімізде мұндай күрделі жанрдағы телехикаялар түсіретін, әбден машықтанған продакшн компаниялар жақтың қасы. Дегенмен, тәжірибе жетпейді деп отыра беруге болмайды. Дәл мерейтой қарсаңында халық экраннан Абайды іздейтіні анық еді. Осы ойды алға тарта отырып, өткен жылдың қараша айында шығармашылық жұмыстарға кірістік. Сериалдың сценарийін Көркемдік кеңесте саралап, абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікіріне ұдайы жүгініп отырдық. Телехикая о баста Абай топырағында түсіріледі деп жоспарланғанымен, пандемияға байланысты түсірілім алаңындағы процестер сәт сайын өзгеріп жатты. Осы тұста түрлі кедергілерге қарамастан түсірілім алаңынан бір сәтке де алыстамаған шығармашылық топқа, жобаның көркемдік, мазмұндық жағынан баий түсуіне атсалысқан қазақ руханиятының жанашырларына алғыс білдіремін. Бұл – халықтың ортақ жобасы», – деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

«Абай» – ұлы ақын туралы жарық көріп отырған алғашқы телехикая. Түсірілім жұмыстары екі айға жуық уақыт Алматы облысында өтті. Сериалдың режиссері – Мұрат Бидосов. Сценарий авторы – Сержан Зәкерұлы. Кеңесшілері – абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет пен жазушы-драматург Дулат Исабеков. Бас редакторы – Қайнар Олжай.

Дулат Исабеков сериал жайында: «Абай туралы көркем телесериал түсіріледі дегенде, қай қырынан ашу қажеттігі жайында көп ойландым. Абай туралы қаншама спектакльдер қойылып, фильмдер түсірілді. Ұлы ақынның данышпандағы, кемеңгерлігі, ойшылдығы пафостық сарында үнемі айтылғанымен, көркем дүниеде дәлелді түрде көрініс табуы керек. Абайды ескерткіш емес, пенде ретінде танытсақ, адами қырын ашсақ деген мақсат болды. Сценарий стильдік, композициялық жағынан, оқиғалардың қиылысуы тұрғысынан толықтай менің талабымнан өтті. Көптен күткен «Абайдың» телеэкранға шыққанына қуаныштымын», – деген пікірін білдірді.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы әл-Фараби туралы телехикаяның түсірілімін де алғаш болып қолға алып отыр. 7 бөлімнен тұратын сериалда әл-Фарабидің адамзатқа «екінші ұстаз» атанып, ғылымның шыңына шыққан Дамаскідегі кезеңі мен Отырарда өткен жастық шағындағы көріністері қатар өрбиді.

Телехикаяның түсірілім жұмыстары Түркістан облысы, Алматы облысы, Отырар қалашығы мен көне Хиуа, Дамаск қалаларында жүргізілді. Рөлдерге аймақтардағы жергілікті театрлардың актерлері тартылды. Ғұлама Фараби рөлін Р.Сейтметов атындағы «Түркістан» театрының актері Айдар Наурызбаев, жас әл-Фарабиді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, актер Бекзат Жүнісов сомдап шықты. Фильмнің продюсері – Батырхан Дәуренбеков.

Телехикаялардың қаржыландырылуы Корпорация тарапынан жүзеге асырылды.

«Абай» телехикаясы «Qazaqstan» арнасының эфирінен 16-17 желтоқсан 20:00-де, «әл-Фараби» телехикаясы 18-20 желтоқсан күндері 16:00-де көрсетіледі. Сериалдар сонымен бірге Ұлттық арнаның You Tube және Facebook желісіндегі ресми парақшаларында трансляцияланады.

Елордада Тәуелсіздік күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

0

Көрмелер, концерттер, спектакльдер, премьералар, сынып сағаттары – осындай ауқымды бағдарламаны елорданың мәдениет мекемелері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығына дайындады. Іс-шаралардың көпшілігін үйден шықпай-ақ онлайн режимінде қарауға болады, деп хабарлайды Qainar.kz Нұр-Сұлтан қалалық Мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша, Тәуелсіздік сарайының бірінші қабатында желтоқсан айы бойы «Тәуелсіздік белгісі – Нұр-Сұлтан» көрмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, экспозицияны @tauelsizdik_sarayi Instagram парақшасынан көруге болады.

Үш күн бойы, 14-16 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жаңа музыкалық жас көрермендер театры қала тұрғындары мен қонақтарын М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасының премьерасына шақырады.

Мерекеге орай Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы қала тұрғындарын «Тәуелсіздік тұғырым» онлайн-концертіне шақырады. Трансляция филармонияның YouTube арнасында және astana_filarmoniya аккаунттарында (facebook, instagram) жүргізіледі.

Ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау дирекциясы «Мәңгілік Ел» салтанатты қақпасында қазіргі заманғы бейнелеу өнерінің көрмесін және «Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты» тақырыптық экспозициясын ұйымдастырады.

15-17 желтоқсан аралығында «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мұражай-мемориалды кешені өзінің YouTube каналы мен ресми аккаунттарында «Тәуелсіздік тұғыры биікте» онлайн көрмесін ұсынады.

Сәкен Сейфуллин мұражайы да ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына мерекелік іс-шаралар дайындады. 15 желтоқсанда әлеуметтік желілердегі Сейфуллин мұражайы парағында «Тәуелсіздіктің алтын арқауы – ана тілім» атты челлендж ұйымдастырылып, студенттер мәнерлеп оқу дағдыларын көрсетеді. Бір күннен кейін мұражай қызметкерлері «Тәуелсіздік – ұлы бақыт» онлайн көрмесін өткізеді.

Қаланың орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де оқырмандарының ой-өрісін кеңейтуге арналған көптеген тәрбиелік ойындар, тарих сағаттары, сабақтар ұйымдастырады. Барлық іс-шаралар әлеуметтік желілердегі қалалық кітапханалардың парақшаларында онлайн режимде өтеді.

Мереке күндері елорда тұрғындары мен қала қонақтарын астаналық театрлар шақырады.

15 желтоқсан күні сағат 19:00-де «Жастар» театрының әртістері көрермендерге «Нартәуекел» халықтық-қаһармандық драмалық поэмасын сахналайды. «НАЗ» мемлекеттік би театры «Тұйғындар» хореографиялық қойылымын ұсынады.

15 және 16 желтоқсанда сағат 19:00-де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Nomad City Hall» театры қонақтарын «Жас Абай» спектаклінің премьерасына шақырады.

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 15 желтоқсан күні кешке Николай Гогольдің «Неке» комедиясын көрерменге тарту етпек. Бір күннен кейін Горький әртістері онлайн форматта Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтың шығармалары негізінде музыкалық-поэтикалық композицияны көрсетеді.

16 желтоқсанда сағат 12:00-де, 14:00-де және 16:00-де Қуыршақ театры «Атамекен» патриоттық спектаклін ұсынады.

Сол күні астаналық цирк ұйымдастырған цирк сюжеті мен деректі бағдарламасын instagram.com парақшасынан қарауға болады, ал «Жастар» сарайы әлеуметтік желілерде «Жігер» поп-джаз ансамблінің музыкалық құттықтауын көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында Нұр-Сұлтан қаласының мәдени мекемелерінде өтетін іс-шаралар кестесі қоса берілген.

Соңғы жазбалар