Ұлттық арнада «Абай» және «әл-Фараби» телехикаялары эфирге шығады

0

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жылдың басты жобасы – ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай» және әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «әл-Фараби» телехикаяларының тұсауын кеспек. Тарихи туындылар «Qazaqstan» телеарнасынан 16-20 желтоқсанда эфирге шығады, деп хабарлайды Qainar.kz.

«Абай» телехикаясы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі оқиғаларды арқау ете отырып, Абай өмір сүрген кезеңді бейнелейді. 6 бөлімнен тұратын сериалда ақын өмірінің үш кезеңі қамтылған. Абайдың кемеліне келген шағын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, жас Абайдың бейнесін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов, ақынның бозбала шағын актер Әли Тұрсынхан сомдады. Құнанбай рөліне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай, Абайдың анасы Ұлжан рөлін сомдауға белгілі актриса Гүлшат Тұтова, әжесі Зеренің рөліне Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Рахилям Машурова таңдалды.

«Бұл – Абай туралы түсіріліп отырған алғашқы сериал болғандықтан, көрермен мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің салмағы қаншалықты ауыр болатынын о бастан түйсіндік. Отандық киноиндустрия, оның ішінде тарихи фильмдер түсіру әлі де даму үстінде, елімізде мұндай күрделі жанрдағы телехикаялар түсіретін, әбден машықтанған продакшн компаниялар жақтың қасы. Дегенмен, тәжірибе жетпейді деп отыра беруге болмайды. Дәл мерейтой қарсаңында халық экраннан Абайды іздейтіні анық еді. Осы ойды алға тарта отырып, өткен жылдың қараша айында шығармашылық жұмыстарға кірістік. Сериалдың сценарийін Көркемдік кеңесте саралап, абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікіріне ұдайы жүгініп отырдық. Телехикая о баста Абай топырағында түсіріледі деп жоспарланғанымен, пандемияға байланысты түсірілім алаңындағы процестер сәт сайын өзгеріп жатты. Осы тұста түрлі кедергілерге қарамастан түсірілім алаңынан бір сәтке де алыстамаған шығармашылық топқа, жобаның көркемдік, мазмұндық жағынан баий түсуіне атсалысқан қазақ руханиятының жанашырларына алғыс білдіремін. Бұл – халықтың ортақ жобасы», – деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

«Абай» – ұлы ақын туралы жарық көріп отырған алғашқы телехикая. Түсірілім жұмыстары екі айға жуық уақыт Алматы облысында өтті. Сериалдың режиссері – Мұрат Бидосов. Сценарий авторы – Сержан Зәкерұлы. Кеңесшілері – абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет пен жазушы-драматург Дулат Исабеков. Бас редакторы – Қайнар Олжай.

Дулат Исабеков сериал жайында: «Абай туралы көркем телесериал түсіріледі дегенде, қай қырынан ашу қажеттігі жайында көп ойландым. Абай туралы қаншама спектакльдер қойылып, фильмдер түсірілді. Ұлы ақынның данышпандағы, кемеңгерлігі, ойшылдығы пафостық сарында үнемі айтылғанымен, көркем дүниеде дәлелді түрде көрініс табуы керек. Абайды ескерткіш емес, пенде ретінде танытсақ, адами қырын ашсақ деген мақсат болды. Сценарий стильдік, композициялық жағынан, оқиғалардың қиылысуы тұрғысынан толықтай менің талабымнан өтті. Көптен күткен «Абайдың» телеэкранға шыққанына қуаныштымын», – деген пікірін білдірді.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы әл-Фараби туралы телехикаяның түсірілімін де алғаш болып қолға алып отыр. 7 бөлімнен тұратын сериалда әл-Фарабидің адамзатқа «екінші ұстаз» атанып, ғылымның шыңына шыққан Дамаскідегі кезеңі мен Отырарда өткен жастық шағындағы көріністері қатар өрбиді.

Телехикаяның түсірілім жұмыстары Түркістан облысы, Алматы облысы, Отырар қалашығы мен көне Хиуа, Дамаск қалаларында жүргізілді. Рөлдерге аймақтардағы жергілікті театрлардың актерлері тартылды. Ғұлама Фараби рөлін Р.Сейтметов атындағы «Түркістан» театрының актері Айдар Наурызбаев, жас әл-Фарабиді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, актер Бекзат Жүнісов сомдап шықты. Фильмнің продюсері – Батырхан Дәуренбеков.

Телехикаялардың қаржыландырылуы Корпорация тарапынан жүзеге асырылды.

«Абай» телехикаясы «Qazaqstan» арнасының эфирінен 16-17 желтоқсан 20:00-де, «әл-Фараби» телехикаясы 18-20 желтоқсан күндері 16:00-де көрсетіледі. Сериалдар сонымен бірге Ұлттық арнаның You Tube және Facebook желісіндегі ресми парақшаларында трансляцияланады.