Елордада Тәуелсіздік күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

0

Көрмелер, концерттер, спектакльдер, премьералар, сынып сағаттары – осындай ауқымды бағдарламаны елорданың мәдениет мекемелері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығына дайындады. Іс-шаралардың көпшілігін үйден шықпай-ақ онлайн режимінде қарауға болады, деп хабарлайды Qainar.kz Нұр-Сұлтан қалалық Мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша, Тәуелсіздік сарайының бірінші қабатында желтоқсан айы бойы «Тәуелсіздік белгісі – Нұр-Сұлтан» көрмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, экспозицияны @tauelsizdik_sarayi Instagram парақшасынан көруге болады.

Үш күн бойы, 14-16 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жаңа музыкалық жас көрермендер театры қала тұрғындары мен қонақтарын М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасының премьерасына шақырады.

Мерекеге орай Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы қала тұрғындарын «Тәуелсіздік тұғырым» онлайн-концертіне шақырады. Трансляция филармонияның YouTube арнасында және astana_filarmoniya аккаунттарында (facebook, instagram) жүргізіледі.

Ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау дирекциясы «Мәңгілік Ел» салтанатты қақпасында қазіргі заманғы бейнелеу өнерінің көрмесін және «Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты» тақырыптық экспозициясын ұйымдастырады.

15-17 желтоқсан аралығында «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мұражай-мемориалды кешені өзінің YouTube каналы мен ресми аккаунттарында «Тәуелсіздік тұғыры биікте» онлайн көрмесін ұсынады.

Сәкен Сейфуллин мұражайы да ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына мерекелік іс-шаралар дайындады. 15 желтоқсанда әлеуметтік желілердегі Сейфуллин мұражайы парағында «Тәуелсіздіктің алтын арқауы – ана тілім» атты челлендж ұйымдастырылып, студенттер мәнерлеп оқу дағдыларын көрсетеді. Бір күннен кейін мұражай қызметкерлері «Тәуелсіздік – ұлы бақыт» онлайн көрмесін өткізеді.

Қаланың орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де оқырмандарының ой-өрісін кеңейтуге арналған көптеген тәрбиелік ойындар, тарих сағаттары, сабақтар ұйымдастырады. Барлық іс-шаралар әлеуметтік желілердегі қалалық кітапханалардың парақшаларында онлайн режимде өтеді.

Мереке күндері елорда тұрғындары мен қала қонақтарын астаналық театрлар шақырады.

15 желтоқсан күні сағат 19:00-де «Жастар» театрының әртістері көрермендерге «Нартәуекел» халықтық-қаһармандық драмалық поэмасын сахналайды. «НАЗ» мемлекеттік би театры «Тұйғындар» хореографиялық қойылымын ұсынады.

15 және 16 желтоқсанда сағат 19:00-де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Nomad City Hall» театры қонақтарын «Жас Абай» спектаклінің премьерасына шақырады.

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 15 желтоқсан күні кешке Николай Гогольдің «Неке» комедиясын көрерменге тарту етпек. Бір күннен кейін Горький әртістері онлайн форматта Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтың шығармалары негізінде музыкалық-поэтикалық композицияны көрсетеді.

16 желтоқсанда сағат 12:00-де, 14:00-де және 16:00-де Қуыршақ театры «Атамекен» патриоттық спектаклін ұсынады.

Сол күні астаналық цирк ұйымдастырған цирк сюжеті мен деректі бағдарламасын instagram.com парақшасынан қарауға болады, ал «Жастар» сарайы әлеуметтік желілерде «Жігер» поп-джаз ансамблінің музыкалық құттықтауын көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында Нұр-Сұлтан қаласының мәдени мекемелерінде өтетін іс-шаралар кестесі қоса берілген.