Түркия туристерге есігін айқара ашты

0

Әлемді жайлаған пандемиялық ахуал Түркия туризмінің аяғын тұсаулағандай болғаны рас. Алайда 1 шілдеден бастап түрік ағайындар жан жақтан ағылатын туристерге есігін айқара ашты, деп хабарлайды Qainar.info.
Тарихы бай ескі қалалар, асханасы алуан түрлі түрік тағамдары, әдемі жағалау, тұзды теңіз сол елдегі демалысты естен кетпестей есте қалдыратыны сөзсіз.
Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен, GoTurkiye туризмді дамыту және ілгерілету агенттігінің ұйымдастыруымен Анталья қаласында журналистер мен блоггерлердің басын қосқан бес күндік саяхат көңілде – Түркия мен туризм егіз ұғымдай әсер қалдырғаны да рас. Екі мың жылдық тарихы бар, әлі күнге жұрнағы сақталып қалған ескі қалаларымен туристерді еріксіз арбайтыны бөлек тақырып. Курортты қалаларындағы жоғары қызмет көрсету үлгісі, әлемдегі пандемиялық жағдайға қарамастан қауіпсіздік пен жайлылықты қатар сезінтіп, демалыс кезінде денсаулығыңа алаңдамауға кепілдік береді. Туристік орындардың қызметі Түркияның туризм саласын әлдеқашан жолға қойып алғанын аңғартады.
Бір таң қалдырған нәрсе қай жерде болмасын түріктердің ұлттық тағамдары сан алуандығымен, дәмділігімен баурап алады. Яғни сырттан келетін туристерге де алуан түрлі бай дастарханымен тойдырып, ұлттық асханасының алуан түрлілігімен кез келген қонақты тамсанта алатыны байқалады.
Атап айта кетер жайт, туристердің қауіпсіздігіне аса қатты мән беріліп, жағалауларына дейін антисептикпен, маскалармен қамтамасыз етілген. Қонақүйден басталған дизенфекциялау шаралары жағалауда да, асханаларында да, таксилерінде де тіпті сауда орталықтарында да мұқият қадағаланады екен. Яғни індетке орай індет жұқтырып алуға қорқыныш болғанымен, қаладағы мұқият жасалынатын тазалық шаралары көңілдегі күдікті серпіп тастайды.
Коронавируспен байланысты шектеулерді біртіндеп алып тастаудың арқасында Анталиядағы жазғы туристер ағыны көбейіп келеді. Осы жылдың қаңтар-маусым айларында мұнда 1,5 миллионға жуық шетелдік қонақ келіпті.
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстаннан Анталияға 41 114 турист келген. Дегенмен Анталья мұнымен шектеліп қалмай, туризмімен талай елді таң қалдырып, елге келетін туристер санын арттыра беруді мақсат етіп отырғаны байқалады.