Түркиядағы қауіпсіз туризм

0

О, Стамбул, жанымды гүлге ораған,
Табиғатың жып-жылы жыр бораған.
Жайсаңдардың көптігі баурыңдағы,
Аман қалсаң қаншама зіл-заладан.
Айналғанда шындыққа арман, лебіз,
Тартты өзіне мөлдіреп Мәрмәр теңіз.
Кемеңменен жүзгізіп, шаттық құйдың,
Тоғысқанда көңілдер арнаңда егіз.
…Мөлдір ме едің сұлудың жанарындай,
Кеп жүргенін қарашы, қайта барғым!   

 — бұл  сырлы  да, сиқырға толы  Стамбұл туралы жазған  Бауыржан Әлқожаның  өлеңі.  Рас,  Стамбұлға бір барған адам, қайта барғысы келіп тұрады… 2021 жылдың  наурыз айында  Алла сәтін салып,  Түркияның туризм министрлігі ұйымдастырған  Қазақстандағы Түркітілдес журналистер Қоры   үйлестірген   «Стамбұл — Бұрса» бағдарламасына қатыстым.  Қазақстан журналистерін   Қор Президенті Нәзия Жоямергенқызы бастап барды.  Нәтижесінде  Стамбұл, Бұрса, Изник, Гөлйазы қалаларында, Жұмалықызық ауылында, Ұлыдағ (Ұлытау) тау-шаңғы курортында болып, сол елді мекендердегі тарихи – мәдени жерлерімен таныстым.     Тегін  сапар қатысушысы болғаным үшін қос тарап ұйымдастырушыларына   алғысымды білдіріп, көргенімді  рет-ретімен айтып, әсеріммен бөлісейін. Түркияға барып жатсаңыз, бұл ақпараттар сізге де керек болып қалар, достым.   

 

Пандемия кезінде Түркияда  сапарлау  қаншалықты қауіпсіз?   

Туризм  саласы – Түркия экономикасының драйвері десем артық айтпаспын. 2019  жылы Түркия 50 миллион турист қабылдаса, пандемия кесірінен  2020 жылы олардың саны 16 миллион  болды.   Дегенмен, пандемия кезеңінде бүкіл әлем елдері 74 %  турист жоғалтса,  Түркия елінде шығын әлдеқайда аздау болды, яғни басқа мемлекеттерге қарағанда жыл  табысты аяқталды.    Биыл  бұл ел  32 миллион  турист  қабылдамақ.  Сондықтан,    шетел туристерінің   қауіпсіздігіне кепілдік беретін,  қауіпті індет жұқтырып алмас үшін «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасы қолға алынды.  Ол 150 критерий мен ережеден тұрады. Бағдарлама   — туристің Түркияға аман  — келіп, есен  — еліне қайту мақсатын  көздейді.  Сол үшін   туристің  алаңсыз жүріп-тұруына бар жағдай жасалады.  Ай сайын осы қауіпсіздік сертификатын алған қонақ үйлер мен мейрамханалар   тексеріліп отырады.  «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасы бар  объектілер  туристер үшін қауіпсіз, яғни ол қонақ үй,  мейрамхана мен кафеде  санитарлық- гигиеналық нормалар сақталған,   туристер үшін   қауіпті індет жұқтырып алуға қауіп жоқ.    Ал, «Қауіпсіз туризм  сертификаты» жоқ қонақ үйлер мен мейрамханалар шетелдік туристерге қызмет көрсете алмайды.    Басты 3 ережені әр ел тұрғыны, әр турист ұстануға міндетті. Ол  — маска тағу, әлеуметтік ара қашықтық  пен тазалық сақтау.     Түркия мемлекеті туризм  саласында жұмыс істеп,  көпшілікпен   байланысқа түсетін қызметкерлерге вакцина егу жұмыстарын  бастады.  Түркияның  туризмді насихаттау және дамыту  Агенттігінің басқарма мүшесі Еркан Йаккының пікірінше   вакцина егу  мен «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасы нәтижесінде  елдегі туризм  саласы жанданады.  

Түркия еліне кіру үшін 72 сағат бұрын арнайы форма толтырып, COVID-19-тен «таза» деген мөр басылған құжатыңыз болуы керек. Мен  ПТР тестті Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханалық клиникалардың бірінде тапсырып, нәтижесі дайын болған соң, сол кеңсеге барып мөр басылған үш тілде (қазақ, ағылшын, орыс) қағазын шығартып, сапар бойы өзіммен алып жүрдім. ПТР тест нәтижесі сіз толтыратын арнайы формада көрсетіледі. Түркиядағы әуежай,  қонақ үй, сауда орталықтары, музей, дүкен, мейрамхана, кафелерде осы форма талап етіледі. Онсыз қалаған жеріңізге кіре алмайсыз. Сондықтан, форманы (қағаз нұсқасын) өзіңізбен алып жүріңіз, электронды нұсқасын телефоныңызға жүктеп алсаңыз артық болмайды. Қазақ елінің талабы бойынша елге кірген кез келген  азаматта  ПТР тесттінің теріс нәтижесі болуы шарт. Түркияда ПТР тест бағасы – 250 лира. Қазақстандық валютада ол  14.000 теңгеге тең. 

 

Стамбұлдағы Галата мұнарасы

Бұл мұнара – ортағасырлық архитектура. Стамбұлдың көрікті жерлерінің бірі.  Туристер  көптеп ағылатын тастан қашалған, ішінде музейі бар  9 қабатты   ерекше  мұнара. Оның  биіктігі 67 метр.  Теңіз деңгейінен 140 метр жоғары орналасқан.  Галата мұнарасының жоғары жағына шықсаңыз, шексіз көрінетін Стамбұл қаласының панорамасын тамашалай аласыз.  Ұшан  теңіз бен алып кемелерді көресіз. Бұл әдемілікті  көргенде көз сүйсініп, көңіліңіз жайланады. 

Тынымсыз Таксим ауданы

Стамбұлдағы Таксим ауданы  — тынымсыз қозғалыс мекені.  Туристік марштруттардың   тоғысатын жері. Мұнда жастар көп жүреді. Таксим орталық алаңында «Республика» монументі орналасқан.  Оның биктігі 11- 12  метр.  Монумент Түркияның  республика болып жариялануының 5 жылдығына орай  қойылған. Онда  тәуелсіз  елдің құрылуына негіз болған   қолбасшы Мұстафа Кемал Ататүрік пен оның жақтастары және революцияға қатысушылар бейнеленген. Бұл ауданда киім-кешек пен  тәттілер   сататын дүкендер  көп. Туристердің көңілдерін көтеріп, көше бойында   тұрып, ән айтатындар  да аз емес.  Ауданда туристер де, жергілікті тұрғындар да көп шоғырланатындықтан  тыныштық пен тәртіпті қадағалайтын күзетшілер,  тәртіп сақшылары  көп. 

Әулие Антоний  шіркеуі

Бұл жер Таксим ауданында Галата мұнарасына жақын жерде орналасқан. Шіркеу  католиктер үшін  қастерлі саналады.   Оның  қабырғасы   1906 жылы қаланып, 1912 жылы ашылды. Тарихта    әулие Антоний кедейлерге қамқор, көп адамды зұлымдықтан құтқарған, жүрегі кең адам болған деп айтылады. Қызыл  кірпіштен салынған   әсем ғимарат ауданға көрік беріп тұрады.  Венециялық стильде салынған шіркеудің  ішкі безендірілуі де ерекше. Туристерге   көруге кеңес берер едім. 

Бурса

Бурса  — Осман империясының алғашқы астанасы. Бұл қала  —  Түркиядағы Стамбұл, Анкара, Измир   қалаларынан кейінгі   ірі шаһар. Стамбұл мен Бурса арасы 3 сағаттық жер.  Тарихы терең қала   сәулеті осман архитектурасына тән   мешіттер мен тарихи ескерткіштерге  бай.  Осман империясының негізін қалаушы әйгілі Осман гази мен оның ұлы Орханның мазары осы қалада орналасқан.  Өңірде  автокөлік секторы мен  жеңіл өнеркәсіп жақсы дамыған. Мұнда   сапалы киім-кешек  тігетін фабрикалар да көп. Жібек матаның түр-түрін осы қалада табуға болады.  Температурасы 40 градус болатын  термалды емдік суы тағы  бар. 35 шақырым жерде  Ұлыдағ  тау-шаңғы курорты бар.   Бір сөзбен айтқанда,   ел-жер мен әлем тарихына қызықсаңыз   Бурсаға саяхаттап қайтыңыз. Жақсы әсер алатыныңыз сөзсіз. 

Бізді (қазақ журналистерін)   Бурса  қаласының   мәдениет және туризм бойынша  директоры Камил Озер  қарсы  алды.  «Бурса – тарихқа бай, жасыл әдемі қала.  Осыны өз елдеріңіздегі туристерге жеткізсеңіздер екен. Біз әрдайым сіздерді құшақ жая қарсы аламыз.  Осы  мекенге елдер  8 500 жыл бұрын    қоныстанған.   Осман империясы кезінде бұл қала – астана саналатын.   Біз  мұнда екі түске қатты мән береміз. Ол ақ және жасыл түс.  Неге дейісіз ғой?  Осы жақтағы таулардың шыңын  аппақ қар басқан. Сонымен қатар Бурса —  жасыл қала.  Жаз мезгілінде бұл жақ орманға бай, жап — жасыл болады.   Бурса маңында тау- шаңғы курорты  мен теңіз бар.  Көп адам келіп демалады.  Тағы бір ерекше атап өткім келетіні , Бурса қаласында тағамның түрі көп әрі ол өте дәмді, тіл үйіреді»,-деді  Камил Озер. 

Біз Бурсадағы  Альмира қонақ үйінде тоқтадық.  Ол  — ескі қонақ үйлердің бірі.  Іші тап- таза.  Барлық санитарлық —  гигиеналық нормалар  сақталған. Туристке ыдыстары мен тағамдары қапталған күйде ұсынылады.    Қонақ үй  жақында  ғана жөндеуден өтіпті.  Мұндағы тағам мәзірі дәстүрлі.   Жоғарыда айтқанымдай  Бурса қаласында  ем болатын  термалды су бұлағы  бар.   Ол шипалы суды  осы қонақ үйде тоқтайтын туристер де пайдалана алады. Оның температурасы 40 градус. 

 Осман гази  мен Орхан  мазарлары

Мен түріктер түсіріп жатқан  Осман  тарихи- сериалын  көріп жүремін. Әр бөлімін асыға күтемін. Осы сапарда  алғашқы сұлтан, осман империясының негізін қалаушы   Ертұғрұлдың  ұлы  Осман газидің жатқан жеріне баратынымызды біліп,  қатты қуандым.   Осман мен оның ұлы Орхан  мазарлары қатар орналасқан. Олардың қасында жанұя мүшелері де жатыр. Ол жер түріктер үшін өте қастерлі саналады. Мазарға кіруге рұқсат берілген. Осман жатқан жердің есік алдында екі сарбаз тұрса, ішінде тәулік бойы жанды дауыспен құран оқылады.    Мазар жанында   Абдұлхамитке арналған  «Сағат мұнарасы»   бой көтерген.  Сол маңайдан Бурса қаласы алақандағыдай көрінеді. 

«Панорама 1326» музейі

Бурса қаласына жолыңыз түссе   осман империясының қалыптасу жолындағы шайқастар мен Бурсаны жеңіп алу сәттері  картинамен   көрсетілген «Панорама 1326» музейіне барыңыз. Ғимараттың архитектурасы  ерекше.  Жоғарғы қабатында күмбез орналасқан.   Онда Бурса қаласын жеңіп алу сәттері, сол кездегі халықтың тұрмыс – тіршілігі 3D графикамен  салынған.  Күмбезке қарап,  кино көргендей әсерде боласыз. Ол суретті 4 жыл бойы 8 суретшы салыпты. Оның бірі әзірбайжан, бірі  украин  елінің шеберлері  болса, қалғандары түрік суретшілер. 

Ұлыдағ

Ұлыдағ (Ұлытау) – тау-шаңғы курорты Бурса қаласынан 30- 35, Стамбұлдан  160  шақырым жерде орналасқан.  Бір қарағанда өзіміздің Алматыдағы Шымбұлаққа ұқсаттым.  Мұнда ауа жұп-жұмсақ, орман – қалың, қар – аппақ. Бұл жерде  қар  желтоқсаннан сәуір айларына дейін жатады. Ұлыдағ тауының биіктігі  2543 метр.  Бұрын бұл мекен «Кіші Олимп» аталатын. Арқан жолы 9 шақырымдай.    Кәсіби шаңғышы болсаңыз, онда  Ұлыдағ тау- шаңғы курортына баруды жоспарлаңыз. Бағалары әр түрі 80 лирадан басталып , 150, 200-ге дейін барады. Ол – таңдаған қызметіңіз бен  сағатына байланысты. 

Koza Han базары

Біз, әйелдер қауымы,  бас орамалдарға қызығатынымыз рас. Тіпті, көп қылып сатып алып, үйге келген қонаққа ұстататынымыз  да бар.      Бурса қаласына жасаған сапар кезінде жібек базары аталып кеткен  Koza Han базарына бардық. Онда  таза жібек орамалдар мен маталардың түр-түрі бар.   Жібек орамалдар әлемі десем де болады.  Орамалдарды  қолыңызбен ұстап, сапасын көрсеңіз,  елдегі құрметтейтін қыз-келіншектердің бәріне сыйлық ретінде алғыңыз келіп кетеді.   Көлемі  бойынша да, түстері  бойынша да   қалғанын тауып, таңдай аласыз.  Бір орамал бағасы  -80-  100 лира. Біздің елдің валютасымен 5 000- 6000 теңге. Бірақ жеңілдіктер көп мұнда. Көп орамал алсаңыз  бағасын түсіріп береді. Мен  қызыққан 100 лиралық орамалдарды , бар болғаны 30 лираға алдым (2 000 теңге). Қуандым. Елге әкеліп, үйдегілерді де қуанттым. 

Жұмалықызық  ауылы

Бурса қаласының маңында,   Ұлыдағ тауының етегінде  әп-әдемі, көне Жұмалықызық  ауылы орналасқан.  700 жыл бұрын пайда боған елді мекен.  Бұл жер маған қатты ұнады.  Ескі үйлерінің өзінен  бір жылулық сезіледі.   Көшеде сызықтатып,   сылдырлап су ағып жатыр. Ауылдың жеке кәріз жүйесі бар.  Бұл жерде 2000 жылдары телеарналардан көрсетілген «Қыналы қар» телехикаясы түсіріліпті.  Жұмалықызық  ауылында   300 үй бар,    1000 жуық  адам тұрады. 

 

Қарагөз музейі 

Фольклорлы- қуыршақ театры бар Қарагөз музейі.  Онда  бірі ақылды, екіншісі сәл ашықауыздау   Қарагөз бен Хадживат деген екі достың хикаялары комедия жанрында  көрсетіледі.   Бұл персонаждардың  өмірде болған/ болмағанын ешкім білмейді.  Аңыз бойынша екі дос   мешіт  құрылысына ат салысқан. Дегенмен жұмыс уақытында  ылғи қалжындасып, қойылымдар  қоятын.     Құрылыс  жұмыстары  уақытында аяқтай алмай  басшылық (әлде сұлтанның ба) қаһарына ұшыраған. Кейін    солардың құрметіне қуыршақ театрын көрсеткен.      Қуыршақтар сиыр мен түйе терісіннен  қиылып жасалған.       Музей  2007 жылы ашылды.  Брусада болсаңыз, бұл жерге баруды жоспарлаңыз.  

 

Гөлйазы қаласы

Бурса маңындағы көрікті жерлердің бірі  — Улубат  кішігірім  аралында орналасқан Гөлйазы қаласы.  Оның негізі б.д.д 600 жыл бұрын қаланған.  Бұл шаһар Бурса маңында орналасқан көне аймақ саналады. Бұл жерде  түріктер қатты қастерлейтін, тамыры терең бойлаған    747 жыл бұрын салынған    биіктігі 25 метрге жететін  Шынар (Чинар) ағашы бар.  Бұл жерде әдемі әшекейлермен безендірілген қайықтың түр-түрімен  серуендеуге болады. 

 

Изник қаласы

Түркияның мен көрген тағы бір әдемі қалаларының бірі  — Изник.   Осман сериалын көретіндер біледі.  Онда  Император  отырған  Никея қаласының аты жиі аталады.   Сол  бұрынғы Никея – қазіргі Изник.  Қала Изник көлінің шығыс жағалауында орналасқан.  Инзик  — керамикасымен танылған мекен.  Бұл қалада шығарылған керамикалық бұйымдар елдегі талай мешіттер мен ғимараттардың  ажарын ашады, Сарайлардың сәнін келтіреді. 

 

«Стамбұл — Бұрса»  жобасын үйлестірген  Түркияның  туризмді насихаттау және дамыту  Агенттігі (TGA).  Агенттік  ел экономикасына  туристік инвестицияларды көбейтіп,  ішкі және халықаралық туризм нарығында қызмет көрсету сапасын жоғарлатумен айналысады.   Ведомства  Түркияның туристік әлеуетінде қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді, маркетингтік  байланыстарды дамытуда    бренд саналады. Түркияның  туризмді насихаттау және дамыту  Агенттігі (TGA)  мемлекеттің мәдениет және туризм министрлігінің  саясаты мен стратегиясы аясында, туризм саласын дамыту мақсатында   барлық жарнамалық, маркетингтік, коммуникациялық шаралар атқарады. 

Ләззат Ноғайбай