Елорда тұрғындарына газ қосу үшін пайызсыз несие беріледі

0

Елордада Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Halyk Bank және «ECOJER» қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында тұрғын үйлерді газдандыруға жәрдемдесу бойынша жоба іске қосылды, деп хабарлайды Olzha.kz.

Жоба Halyk Bank-тен елордада алғашқы жүз тұрғынның үйлерін газбен жабдықтаудың орталық желілеріне қосу үшін пайызсыз кредит беруді көздейді.

Осыған байланысты Halyk Bank аса ірі әлеуметтік жауапты қаржы институты ретінде өз үйлерін газға қосуды қалайтын бірінші жүз абонентке пайызсыз кредит бере отырып «ECOJER» қауымдастығының бастамасын қолдады.

Бағдарлама шарттары бойынша елорда тұрғындары 750 000 теңгеге дейінгі сомаға, 18 айға дейінгі мерзімге жылдық 0%-бен кредит ала алады (қарызды ұйымдастырғаны үшін комиссия небәрі 0.1%-ды құрайды).

Айта кетейік, бұл әлеуметтік маңызы бар жоба Мемлекет басшысының елорданы газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындауды қолдау мақсатында іске асырылып жатыр.

Пайызсыз несие алу үшін бағдарламаға қатысушылар:

– кеңес алу, өлшеу мен құнын есептеуді жүзеге асыру үшін жақын жердегі ұйымға («Capital Construction 2020» ЖШС) жүгінуі;

– газды қосу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арқылы техникалық шарттар алуы;

– жеткізушімен шарт жасап, «ECOJER» қауымдастығының «Жасыл сертификатын» алуы;

– шартпен және сертификатпен Halyk Bank-тің екі бөлімшесінің біріне (Жеңіс даңғылы, № 72 үй және Бейбітшілік көшесі, № 24 үй, № 4 т.е.ж.) пайызсыз кредит алу үшін жүгінуі керек.

Толығырақ ақпарат halykbank.kz және ecojer.kz сайттарынан алуға болады.