Футбол: Чемпиондар лигасы 1/8 финалының жеребесі тартылды

0

Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалының жеребесі тартылды, деп хабарлайды Qainar.kz.

Жеребе Швейцарияның Ньон қаласында штаб-пәтерінде тартылды. Жарыстың аталған сатысындағы алғашқы ойындар 16, 17, 23 және 24 ақпан күндері ойналады. Қарымта кездесу 9, 10, 16 және 17 наурыз күндері өткізіледі. Ал ширек және жартылай финал ойындарының жеребесі 19 наурызда тартылады.

Жеребе нәтижесі бойынша командалар төмендегіше жұп құрады.

«Боруссия» (Мёнхенгладбах, Германия) — «Манчестер Сити» (Англия)

«Лацио» (Италия) — «Бавария» (Германия)

«Атлетико» (Испания) — «Челси» (Англия)

«РБ Лейпциг» (Германия) — «Ливерпуль» (Англия)

«Порту» (Португалия) — «Ювентус» (Италия)

«Барселона» (Испания) — «Пари Сен-Жермен» (Франция)

«Севилья» (Испания) — «Боруссия» (Дортмунд, Германия)

«Аталанта» (Италия) — «Реал» (Испания).

Елорданың бас санитарлық дәрігері тұрғындарға үндеу жасады

0

Нұр-Сұлтанда бір тәулік ішінде 118 расталған КВИ жағдайы тіркелді. Қалада COVID-19 аурушаңдық көрсеткіші өсіп келеді. 10 желтоқсаннан бастап елорда КВИ аурушаңдығы тұрғысынан «қызыл аймаққа» өтті, деп хабарлайды Qainar.kz.

«10 желтоқсаннан бастап қала қызыл аймақта. Ең алдымен бұл қала тұрғындарының алдын алу шараларын сақтамауынан. 10 желтоқсанда коронавирус инфекциясының зертханамен расталған 118 жағдайы тіркелді, олардың ішінде симптомды — 72, симптомсыз — 46. Жергілікті тұрғындар — 109, сырттан келгендер — 9», — деді Жанна Пірәлиева әкімдікте өткен брифингте.

Алдағы демалыс күндеріне байланысты елорданың бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарына үндеу тастады. Халық аурудың жоғары қаупі туралы білуі керек.

«Сіздерден адам көп жиналатын орындарға барудан аулақ болуды, жабық нысандарда, қоғамдық көлікте маска тағуды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды, отбасылық іс-шаралар өткізбеуді сұраймын. Бұл шаралардың барлығы денсаулық пен адам өмірін сақтауға көмектеседі», — деді Жанна Пірәлиева.

Айта кету керек, бүгінде қалада КВИ диагностикасы бойынша 18 зертхана күн сайын 11 680 зерттеу өткізуге қабілетті. Барлық зертханалардың жүктемесі 25-тен 40% -ға дейін, күніне 1 500-ден 4 500-ге дейін тестілеу жүргізіледі.

Маңғыстау және Атырау облыстарында әлеуметтік кәсіпкерлердің құрылтайы өтіп жатыр

0

Маңғыстау және Атырау облыстарының әлеуметтік кәсіпкерлерінің құрылтайы 9 желтоқсанда Ақтауда, 10 желтоқсанда Атырауда өтеді. Құрылтай дәстүрлі түрде аймақтың ең белсенді әлеуметтік кәсіпкерлерін жинайды. Биыл бұл шара онлайн режимінде өтіп жатыр. 60-тан астам қатысушы әлеуметтік кәсіпкерлік (ӘК) туралы заң жобасын, Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жоспарларын, сондай-ақ «Жарқыра» әлеуметтік бағдарламасының өзекті мәселелері мен нәтижелерін талқылайды деп хабарлайды Qainar.kz.

Орталық Азияның Еуразия қоры «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) қаржылық қолдауымен жүзеге асыратын «Жарқыра» әлеуметтік бағдарламасы әлеуметтік бизнеске қолдау көрсетеді. 2020 жылы қаржылай қолдауды 12 жоба алды, оның 8-і балаларға, оның ішінде ерекше балаларға арналған жоба, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша 1 — экологиялық жоба, 2 — қолөнер шеберханаларын дамыту жобасы және парапауэрлифтинг жобасы. Қаржылық қолдау 31 500 000 теңгені құрады, оның 8 000 000 теңгесі өткен жылдардағы қатысушылардың қайтарған пайызсыз несиелер есебінен қайта инвестицияланды.

Қолдау көрсетілетін әлеуметтік бизнестің экономикаға тигізер әсері – жұмыс орындардың пайда болуы және қызметтерден мемлекет қазынаға түсетін салықтар. ӘК облыстың 670 тұрғынына қызмет көрсетеді, оның 133-і ерекше қажеттіліктері бар адамдар немесе әлеуметтік осал топқа жататын адамдар. Әлеуметтік кәсіпкерлік 84 қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етті.

«Жарқыра» бағдарламасының әлеуметтік кәсіпкерлері карантинге қарамастан, қаланың COVID-19 пандемиясымен күресуіне көмектесіп, жұмыстарын онлайн режимде жалғастырды. Бағдарламаның финалға өткен төрт кәсіпкері – Арайлым Нұғманова, Гүлбарам Ермұханова, Мира Есниязова және Айгүл Уалиева – еріктілер ретінде пандемияның ең қиын кезеңінде емханалар мен қала тұрғындарына көмектесті.

«Карантин кезінде көптеген әлеуметтік кәсіпкерлер белсенділік танытып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарт адамдарға азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізумен айналысты. Бізді батырларға теңеді. Мен пандемиямен және оның салдарымен күресуге өз үлесімді қосып, мұқтаж адамдарға көмек көрсете алғаныма қуаныштымын», — деді «Зейін Атырау» директоры Арайлым Нұғманова.

Сондай-ақ, Құрылтай барысында қазіргі уақытта әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң әзірленіп жатқаны, оны қабылдау 2021 жылға жоспарланғаны айтылды. Депутаттарға коммерциялық емес сектордағы сарапшылардың жұмыс тобы көмектеседі, оның құрамына ОАЕҚ өкілдері мен «Жарқыра» бағдарламасының қатысушылары кіреді. ОАЕҚ әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау саласындағы тәжірибесімен таныстырып, әлеуметтік кәсіпкерліктің анықтамасы мен өлшемшарттарына ұсыныстар енгізді, экономиканың жаңа секторына мемлекеттік қолдау көрсететін шаралар ұсынды.

«Заңды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына қатысу біздің бесжылдық бағдарламаның жетістігі деп санаймын. Заңның қабылдануымен әлеуметтік кәсіпкерлік жедел қарқынмен дами бастайды деп үміттенемін, бұл біздің қоғам әлеуметтік, гуманистік тұрғыдан әрі қарай гүлдене түседі дегенді білдіреді», — деп атап өтті бағдарлама директоры Айгүл Тағатова.

ТШО-ның бүкіл тарихында әлеуметтік инвестициялар компанияның тұрақты дамуының бөлігі және іскерлік әдебінің негізі болды.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік кеңінен таралуы үшін оларға қажетті жағдай жасау қажет болды, сондықтан ТШО Атырау облысында «Жарқыра» бағдарламасын қолдауға шешім қабылдады. 2018 жылы біз жобаның географиялық аясын кеңейттік, нәтижесінде Маңғыстау облысының 5 елді мекенінің тұрғындары да екі жыл ішінде өздерінің әлеуметтік бизнес идеяларын ұсынуға мүмкіндік алды. Бірлескен жұмыс арқасында бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерлердің өзіміз өмір сүретін қоғамдастықтың ғана емес, сонымен қатар бизнестің белсенді бөлігі болуын қамтамасыз еттік. Олар дамып, жаңа жұмыс орындарын ашады және сонымен бірге әлеуметтік мәселелерді шешеді», — деді Рзабек Артығалиев Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері.

ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы жергілікті қоғамдастықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалған. ТШО Атырау облысының қоғамдастығына екі бағдарлама арқылы инвестиция салады: «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы және Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы (ӘИБ). «Игілік» бағдарламасы әлеуметтік инфрақұрылымды (балабақшалар, мектептер, саябақтар және т.б.) салуға бағытталған, ал ӘИБ стратегиялық маңызды тақырыптық бағыттарда ұзақ мерзімді әлеуетті арттыруды қолдайды. ТШО-да ӘИБ кеңесі құрылған, оның құрамына компанияның әр түрлі бөлімшелерінің өкілдері кіреді. Олар жобаларды таңдауға жауап береді. Кеңес құжаттарды жинау аяқталғаннан кейін жобаларды қаржыландыру бойынша ұсыныстарды қарайды. Басқа бизнес инвестициялар секілді, қауымдастыққа салынатын инвестициялар да тексеруден өтеді, ол инвестициялардың тиімділігі өлшенетін және бағаланатын компоненттерден тұрады.

«Теңізшевройл» ЖШС – шикі мұнай, сұйық және құрғақ газ, сонымен бірге күкірт өндірумен және өткізумен айналысатын қазақстандық компания. Жұмыстардың барлығы қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау бойынша халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. «Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келісім негізінде құрылды. «Теңізшевройл» ЖШС-нің қазіргі кездегі серіктестері: «Шеврон» корпорациясы – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.» – 25% және «ЛукАрко» – 5%.

Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) – аймақта 2005 жылы құрылған қоғамдық ұйым. ОАЕҚ ұлттық және өңірлік деңгейлерде азаматтарға қоғамдық мәселелердің тиімді шешімдерін табу және ілгерлетуге көмектесе отырып, қоғамдық және жеке ресурстарды жұмылдырады. ОАЕҚ Еуразия Қорының қызметін жергілікті институт ретінде жалғастыруда. Еуразия Қоры – 1993 жылдан бері Орталық Азияға 40 миллион доллардан аса қаржат инвестициялаған жеке коммерциялық емес ұйым. http://www.ef-ca.kz сайтынан ОАЕҚ туралы толығырақ ақпарат ала аласыз және қамқоршылар кеңесінің мүшелерімен таныса аласыз.

Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймаққа енді

0

Нұр-Сұлтан коронавирустың таралуына байланысты «қызыл» аймаққа енді, деп хабарлайды Qainar.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 10 желтоқсандағы жағдай бойынша «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан мен Павлодар облысы орналасқан. «Сары» аймақта: Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласы. Барлық қалған өңірлер «жасыл» аймақта орналасқан.

Өткен тәулікте (9 желтоқсандағы деректер бойынша) Қазақстанда коронавирустық инфекцияның 777 жаңа жағдайы тіркелді. Оның 121-і елордада.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов коронавирусқа байланысты локдаун туралы сұраққа жауап берген болатын. Оның айтуынша, қазір қаланы жабу жоспарлары жоқ.

«Егер оң нәтижелер көбейсе, қосымша карантиндік шектеулер болады. Сондықтан өте мұқият болу керек және санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Сонда қосымша карантиндік шектеулер болмайды», – деді А.Көлгінов ОКҚ онлайн-брифингінде.

Қазақстан КВИ бойынша «жасыл» аймаққа ауысты – Қиясов

0

Қазақстан қазір «жасыл аймақта» немесе коронавирус инфекциясы бойынша қауіпі төмен аймақта тұр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Qainar.kz.

«Бүгінде республикамыз жасыл аймақта немесе қауіпі төмен аймақта тұр. Жоғары қауіпті аймақта немесе қызыл аймақта 2 өңір қалды: Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысы. Өткен аптамен салыстырғанда Қостанай және Ақмола облыстары қызыл аймақтан сары аймаққа немесе орташа қауіпті аймаққа ауысты, сондай-ақ Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Шығыс Қазақстан және Атырау облысы сары аймақта тұр», — деді Е.Қиясов.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы сары аймақтан жасыл аймаққа ауысты. Қалған өңірлер жасыл аймақта орналасқан. Эпидемиологиялық жағдайы жақсарған өңірлерде 2 апта ішінде карантиндік шараларды жеңілдету мәселесі қаралуда. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жоғары қауіпті аймақтарда қатаң карантиндік шаралар сақталады.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 9 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 138 382 науқас COVID-19 жұқтырған және 43 339 адамға КВИ- диагнозы қойылды.

Елордада 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаты келер жылы 1,5 млн теңгеге артады

0

Елордада тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр — бұл халықтың әлеуметтік осал топтары. Жыл соңына дейін 8 мыңға жуық адам көптен күткен баспанасын алады. Бұл туралы ОКҚ алаңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Qainar.kz.

Оның айтуынша, бір жылдың ішінде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі үш есеге артқан.

«Биыл шамамен 3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл орасан зор жұмыс. Мұның бәрі инвесторларға, құрылысшыларға, осы нарықтағы барлық адамдарға қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде мүмкін болды. Сертификат алушылардың тізімін кеңейттік дегім келеді. Егер бұрын барлығы 3 санат болса, енді кезекте тұрған 9 санат 1 млн теңге көлемінде сертификат ала алады, ал келесі жылдан бастап қолдау көлемі 1,5 млн теңгеге дейін арттырылады», — деді мегаполис басшысы.

Елордадағы тағы бір жүйелі проблемалық мәселе – үлестік құрылыс. Олардың саны 52 болған. Өткен жылы 10 үй, биыл – 20 үй пайдалануға берілді.

«Бұл өте қиын жұмыс. Сот процестеріне, қаржы моделін құруға, ЖСҚ, инженерлік желілерді қайта қарауға және т.б. көп уақыт жұмсалды. Ең басты мәселе — қаржы: Елбасының тапсырмасымен бір уақытта 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ ол жеткіліксіз болды, сондықтан қосымша қаржы бөлінді. Бұл қайтарылатын ақша екенін түсінуіміз керек. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, бұл үйлердің құрылысы аяқталуда. Ең проблемалық үйлерді айтсам, «Территория комфорта-1», бұл жобаны бәрі біледі. Инвесторлар табу қиын болды, бірақ біз келісімге келдік, инвесторға қолдау көрсеттік. Лайықты бағасын беруіміз керек, ол өз ақшасына нысанды бұза бастады, пандемияға қарамастан, бұл жұмыс аяқталды және қазір құрылыс басталды», — деді А.Көлгінов.

Кестеге сәйкес «Қазақстан», «Алтын шар», «Шығыс», «Жағалау» ТК 4 мыңнан астам үлескер пәтерлерін алады.

Жақында ескі үйлердің тұрғындары да қоныс тойын тойлайды. Елордада осындай екі жүзден астам үй бар. Өткен жылы 190 отбасы баспаналы болды. 2020 жылдың соңына дейін бұдан артық пәтер беру жоспарланған.

«Өткен ғасырдан қалған барактар бар, бірақ онда адамдар тұрады. Апатты жатақханалар бар, мысалы, Янушкевич көшесінде. Жыл соңына қарай көшіріледі. Сондай-ақ, Сарыарқа ауданында университеттің жанында барактар бар, жазда барып, тұрғындармен кездестік. Үлескерлер мен апатты жағдайдағы үйлерді бұзу орта мерзімді перспективада елорданың негізгі жүйелік проблемалары болып қала береді», — деп атап өтіп, әкім кестеге сәйкес әркімнің жаңа пәтер алатынына сендірді.

Нұр-Сұлтанда коронавирустың жаңа толқынына дайындық күшейтілді

0

Нұр-Сұлтанда КВИ-дің жаңа толқынына дайындық күшейтілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Qainar.kz.

Елорда басшысы еріктілердің, дәрігерлердің және мегаполис тұрғындарының елеулі еңбегін атап өтті.

«15 мыңнан астам адам қауіпті вирустан жазылып шықты. Ауруханада 176 адам ем қабылдауда. Жазда КВИ жұқтырғандар саны күніне төрт мыңға жуық болғанын ескерсек, айырмашылық зор. Бірақ алдағы уақытта да дайын болуымыз керек», — деп атап өтті А.Көлгінов.

Қазіргі кезде елордада 17 ПТР-зертхана жұмыс істеп тұр, тест нәтижелері 4 сағаттың ішінде, ал стационарларда — екі сағаттың ішінде ұсынылады. Күнделікті зерттеулер қуаты 11 мыңға дейін артты.

«ВАК шешімі бойынша сырттан ұшып келетін рейстердің барлық жолаушыларында ПТР анықтамасы болуы тиіс. Анықтамасы жоқ адамдар карантинге жатқызылады, тексеруден өткеннен кейін қалаға жіберіледі. 6 қазаннан бастап 4 800 адам карантинге жатқызылды, 28 адамда сынақ нәтижесі оң болды. Карантинді бұзушыларға шаралар қолданылады, кейбір ойын-сауық мекемелерінде: мейрамханаларда, түнгі клубтарда бірнеше рет бұзушылықтар анықталды. Заң бойынша жауапкершілікке тартуға тура келді. Қаскөй бұзушылар әкімшілік жауапқа тартылды. Медицина қызметкерлерінің бәрі жеке қорғаныш құралдарымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Біз дәрі-дәрмек дистрибьюторларымен тығыз жұмыс істейміз, дәрі-дәрмекті уақытылы жеткізу үшін олардың айналым капиталына арналған бюджет жасалды», — деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Елорда басшысы осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Жедел медициналық жәрдем станциясының базасында байланыс және ситуациялық орталықтар жұмыс істейді, Телеграмм-арна іске қосылды. Осы іс-әрекеттердің барлығы жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізді.

«Эпидемиологиялық жағдайға, санитарлық талаптарға аса жауапкершілікпен қарайтын және оларды сақтайтын тұрғындарымызға алғыс айтқым келеді. Дәрігерлерімізге, қазір алдыңғы шепте инфекциямен күресіп жатқандардың барлығына ризашылығымды білдіремін. Алда мерекелер бар, сондықтан адамдар көп жиналатын орындарға бармай, отбасымен атап өткен дұрыс. Жаңа жылды ауруханада емес, үйде қарсы алған жақсы», — деді Алтай Көлгінов.

Әлем чемпионаты-2022: Қазақстан құрамасының іріктеу кезеңіндегі ойын кестесі белгілі болды

0

Қазақстан құрамасының 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріндегі ойын кестесін жариялады, деп хабарлайды Qainar.kz.

Команда Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина командаларымен бірге D тобында ойнайды.

Матчтардың толық кестесі келесідей:

28.03.2021 Қазақстан-Франция

31.03.2021 Украина-Қазақстан

01.09.2021 Қазақстан-Украина

04.09.2021 Финляндия-Қазақстан

07.09.2021 Босния және Герцеговина-Қазақстан

09.10.2021 Қазақстан-Босния және Герцеговина

12.10.2021 Қазақстан-Финляндия

13.11.2021 Франция-Қазақстан.

Айта кетейік, топтардан финалдық кезеңге тек бірінші орын, екінші орын түйісу матчтарында ойнайды.

Астанада «Алтын домбыра» иегері анықталды

0

ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Nomad City Hall залында «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысының ақтық мәресі өтті, деп хабарлайды Qainar.kz.

Дүбірлі доданың нәтижесінде Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Алтын домбыра» мен республикалық ақындар айтысындағы бас жүлдені Мұхтар Ниязовқа табыстады. Ал 1-орынды Бекарыс Шойбеков, 2-орынды Еркебұлан Қайназар, 3-орынды Серік Қуанғанұлы иеленді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің мәдениет саласына, оның ішінде ұлтымыздың дәстүрлі айтыс өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дариға Мұштанова, Серік Ыдырысов, Ақмарал Леубаева, Әбілхайыр Сыздықов, Жібек Болтанова «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы, мәдени мұрасы. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан асыл мұра, өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебі.

Осы киелі мұраны насихаттап, талантты жастарымыздың шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі аталмыш республикалық ақындар айтысын өткізіп отыр.

Айта кетейік, 3-4 қараша күндері айтыстың іріктеу кезеңіне қатысқан 10 жұптың, яғни 20 ақынның өнерін тамашалаған қазылар алқасы жартылай финалға 8 ақынды (4 жұп) іріктеп алды.

Республикалық ақындар айтысының ақтық мәресіне халықаралық және республикалық айтыстың жеңімпаздары, «Алтын домбыра» иегерлері Мұхтар Ниязов, Серік Қуанғанұлы, Еркебұлан Қайназар, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Қазырет Бердіхан, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев қатысты.

Биылғы дүбірлі доданың әділқазы алқасына көрнекті өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Халық артисі, «Отан», «Құрмет» орденінің иегері Асанәлі Әшімов төрағалық етті.

«Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысының жүргізушісі – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілер халықаралық одағының төрағасы – Жүрсін Ерманов.

Коронавирус пандемиясына байланысты айтыс көрерменсіз өтті. Ал телевизияға арналған нұсқасы «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетіледі.

Студенттердің сессиядағы жазбаша жұмыстары плагиатқа тексеріледі

0

ЖОО күзгі семестрге дайындығы мен білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында ҚР БҒМ шектеу шаралары кезеңінде жоғары оқу орындарында оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова айтты, деп хабарлайды Qainar.kz.

Оның айтуынша, әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жоғары оқу орындары аралық және қорытынды аттестаттау процедураларын прокторинг жүйесімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ студенттердің барлық жазбаша жұмыстары плагиатқа қарсы арнайы жүйелер арқылы тексеріледі. Академиялық саясатқа өзгерістер енгізіліп, бағалау түрлері мен формалары қарастырылған. Мысалы, оқу процесінде өзін-өзі бағалау әдісі қолданылды, яғни әр студент өзінің ілгерілеушілігін немесе үлгерімін бағалайды.

«Прокторингтің бірнеше түрі бар — автопрокторинг, жазбаша және синхронды. Бұл прокторинг жүйелері әртүрлі функцияларға ие, соның ішінде тану, сәйкестендіру, назар аударуын талдау, көз бағыты мен шу деңгейін анықтау, білім алушының бейнесін ауыстыру, бөлмені 360 градус режимінде жазу», — деп түсіндірді Б.Нарбекова.

Елімізде 99 ЖОО-да прокторинг жүйесі орнатылған, 113-де басқа авторлардың мәтінінен алынғанын анықтайтын Plagiat.pl, Strikeplagiarism.com, Turnitin және Unihub плагиатқа қарсы жүйелер жұмыс істейді.

Соңғы жазбалар