Елорданың бас санитарлық дәрігері тұрғындарға үндеу жасады

0

Нұр-Сұлтанда бір тәулік ішінде 118 расталған КВИ жағдайы тіркелді. Қалада COVID-19 аурушаңдық көрсеткіші өсіп келеді. 10 желтоқсаннан бастап елорда КВИ аурушаңдығы тұрғысынан «қызыл аймаққа» өтті, деп хабарлайды Qainar.kz.

«10 желтоқсаннан бастап қала қызыл аймақта. Ең алдымен бұл қала тұрғындарының алдын алу шараларын сақтамауынан. 10 желтоқсанда коронавирус инфекциясының зертханамен расталған 118 жағдайы тіркелді, олардың ішінде симптомды — 72, симптомсыз — 46. Жергілікті тұрғындар — 109, сырттан келгендер — 9», — деді Жанна Пірәлиева әкімдікте өткен брифингте.

Алдағы демалыс күндеріне байланысты елорданың бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарына үндеу тастады. Халық аурудың жоғары қаупі туралы білуі керек.

«Сіздерден адам көп жиналатын орындарға барудан аулақ болуды, жабық нысандарда, қоғамдық көлікте маска тағуды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды, отбасылық іс-шаралар өткізбеуді сұраймын. Бұл шаралардың барлығы денсаулық пен адам өмірін сақтауға көмектеседі», — деді Жанна Пірәлиева.

Айта кету керек, бүгінде қалада КВИ диагностикасы бойынша 18 зертхана күн сайын 11 680 зерттеу өткізуге қабілетті. Барлық зертханалардың жүктемесі 25-тен 40% -ға дейін, күніне 1 500-ден 4 500-ге дейін тестілеу жүргізіледі.