Түркия биыл 32 миллион туристі қабылдамақ

0

«Қауіпсіз туризм сертификаты» бағдарламасы нәтижесінде Түркия елі 2020 жылдың маусым айынан бастап ел шекарасын ашып, туристер қабылдай бастады. Бұл туралы Түркияның туризмді насихаттау және дамыту  Агенттігінің басқарма мүшесі Еркан Йаккы онлайн режимінде өткен бейне – конференция кезінде айтты. 

Бурса қаласында өткен жиынға    Қазақстан мен Қырғыз елінің  журналистері қатысты. Еркан Йаккы мырза атап өткендей «Қауіпсіз туризм сертификаты» бағдарламасы 150 критерий мен ережеден тұрады.

«Пандемия кезеңінде туризм саласы үшін дағдарыс болғаны жасырын емес. Шекаралар жабылып, әуе рейстері тоқтатылып, қонақүйлер  жұмысы тұралап қалған кезде біздің Туризм министрлігі кәсіпкерлерге қолдау көрсетті. Біз болашаққа үмітпен қарадық. 2020 жылдың маусым айынан бастап біз «Қауіпсіз туризм сертификаты» бағдарламасын әзірлеп, оны қонақүйлерге беріп, сол бағдарлама бойынша елде туристер мен қонақтарды қабылдай бастадық.  «Қауіпсіз туризм сертификаты» бағдарламасында 150 критерий  көрсетілген. Ай сайын осы қауіпсіздік сертификатын алған қонақүйлер мен мейрамханаларды бақылап, тексеріп отырамыз. Басты 3 ереже бар: ол — маска тағу, әлеуметтік ара қашықтық  пен тазалық сақтау», — деді Еркан Йаккы. 

Түркияның туризмді насихаттау және дамыту Агенттігінің басқарма мүшесі Еркан Йаккының сөзінше жаңа жағдайға бейімделіп, білім беру де бірінші кезекте тұрған мәселелердің бірі болды.

«Алдымен біз қонақүйлер мен мейрамханалар қызметкерлеріне  пандемия кезіндегі ерекше тазалық сақтау жолдарын үйреттік. Тағы айта кетерлігі, елдегі қонақүйлердің бөлмелер саны 30-дан асса, олар «Қауіпсіз туризм сертификаты» бағдарламасын алып, ондағы талаптарды ұстануға міндетті. Бұл барлық қала, аймақ, аудандарға қойылатын ортақ талап. Әр шағын аудан мен қалада осы ережелердің сақталуын қадағалайтын  инспекторлар бар. Түркия 2020 жылы 16 миллион туристі қабылдаған жалғыз мемлекет. Биыл біз осы көрсеткішті көбейтіп, 32 миллион  турист қабылдаймыз деген ойдамыз.  Осы тұста вакцина егу жұмысы да өте маңызды. Біз туризм саласында жұмыс істеп, көпшілікпен   байланысқа түсетін қызметкерлерге вакцина егу жұмыстарын бастадық. Вакцина егу мен «Қауіпсіз туризм  сертификаты» бағдарламасы арқылы туризм саласы жанданады деп ойлаймын. Түркия — туризм саласында жетістікке жеткен  елдердің бірі деп толық айта аламын», — деді Түркияның туризмді насихаттау және дамыту Агенттігінің басқарма мүшесі Еркан Йаккы.

Жиында айтылғандай пандемия кезінде Түркияға келген демалушыларға айыппұл салынған емес. Маска тақпай немесе әлеуметтік ара қашықтық сақтамағандарға тек ескерту жасалады. Қонақүй қызметкерлері туристтің маскасыз жүргенін байқап қалса, ескерту жасап қана қоймай, мейманға маска ұсынады. 

Айта кетейік, 2019 жылы Түркия 50 миллион турист қабылдаса, пандемия кесірінен 2020 жылы олардың саны 16 миллион болды. Пандемия кезеңінде бүкіл әлем елдері 74% турист жоғалтты. Ал, Түркия елінде шығын әлдеқайда аздау болды, яғни басқа мемлекеттерге қарағанда жыл  табысты аяқталды. 2023 жылы    құрылғанына 100 жыл толатын Түркия туризм саласын дамыту үшін ауқымды жоспар әзірлемек.  

Бурса қаласында онлайн режимінде  өткен бейне – конференцияға қатысқан қазақ және қырғыз елінің журналистері Түркияның туризм министрлігі ұйымдастырған «Стамбұл — Бұрса» бағдарламасының нәтижесінде Стамбұл, Бұрса, Изник, Гөлйазы қалаларында, Жұмалықызық ауылында, Ұлыдағ (Ұлытау) тау-шаңғы курортында болып, сол елді мекендердегі тарихи-мәдени жерлерімен танысты. Қазақ  делегациясын Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бастап барды.  «Стамбұл — Бұрса» жобасын үйлестірген Түркияның туризмді насихаттау және дамыту Агенттігі (TGA). Агенттік ел экономикасына  туристік инвестицияларды көбейтіп,  ішкі және халықаралық туризм нарығында қызмет көрсету сапасын жоғарлатумен айналысады.   Ведомства Түркияның туристік әлеуетінде қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді, маркетингтік  байланыстарды дамытуда бренд саналады. Түркияның туризмді насихаттау және дамыту Агенттігі (TGA) мемлекеттің мәдениет және туризм министрлігінің саясаты мен стратегиясы аясында, туризм саласын дамыту мақсатында барлық жарнамалық, маркетингтік, коммуникациялық шаралар атқарады. 

«Қауіпсіз туризм сертификаты» бағдарламасы 2020 жылы саланың негізгі секторларымен ақылдасып, қабылданған. Оның ауқымы кең. Бағдарлама туристер мен жергілікті тұрғындардың денсаулығын, әл-ауқатын сақтау мақсатында бір- бірімен тығыз байланысқан бірнеше органдардың жұмысын айқындайды.  Тізімде азық-түлік пен сусындар өндіретін кәсіпорындар, көлік пен қонақүй бизнесі қамтылған.

Ләззат Ноғайбай