Қазақстанда 13 мыңнан астам медицина қызметкері «Спутник V» вакцинасын салдырды

0

Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасуда. 10 ақпандағы жағдай бойынша 13 301 медицина қызметкері екпе алды, бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Qainar.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 ақпаннан Қазақстан Республикасында Ресейде шығарылған «Гам-Ковид-ВАК» (Спутник V) вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ге қарсы вакцинациялау басталды. Вакцинация барлық өңірде жүруде, 778 егу пункті ашылды, олардың 166-сы қазір іске қосылды, барлығы тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды.
«Бүгінгі күні 13 301 адам егілді. Вакцинацияны бірінші болып инфекциялық стационар, жедел медициналық көмек, сондай-ақ КВИ-мен сырқаттанудың жоғары қаупі бар басқа да бейіндегі медицина қызметкерлері алады. Одан кейін қатарға педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылады», – деді А.Цой.
Вакцинацияның қорғау әсері бірінші дозадан соң 12-14 күннен кейін байқалады, бірақ толық иммунитет қалыптасу үшін екі доза қажет, екпені араға 21 күн салып қайталау ұсынылады. Толық курстан кейін 1,5 ай ішінде организмде иммундық реакция пайда болады, осыған байланысты егілген адамдар профилактика шараларын сақтауы қажет.
«Вакцинациялау жоспары бірнеше рет айтылды. Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешені шығаратын «Спутник V» вакцинасын жеткізу және пайдалану жоспарлануда. Қазірдің өзінде 90 мың доза көлемінде бірінші партияның өндірісі басталды, ол Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге ақпан айының соңына қарай жөнелтіледі. Шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн дозаға жетеді», – деді министр.