Қазақ-түрік өнерпаздары концерт қойды

0

Қазақ-түрік өнерпаздары Алматыда флейталық музыка кешін өткізді.

Алматыдағы “Aubakirova Art Space” мектебінде Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жәния Әубәкірованың ұйымдастыруымен классикалық музыкалық кеш өтті.

Концерттің салтанатты ашылуында Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Эврен Мүддерисоғлұ мырза келіп көрермен болды:

Бүгінгі кештен ерекше әсер алдым. Музыканттардың өнеріне сөз жоқ. Бұл шара екі ел достығының айқын көрінісі деп айта аламын, – деді. 

Мәдени шараға Анталия симфониялық оркестрінің әйгілі флейташысы Леля Байрамоглуллары Түркиядан арнайы келді. Шетелдік қонақпен бірге Ержан Кушанов, Владислав Островерхов сынды отандық музыканттар өнер көрсетті.

Жәния Әубәкірова, ҚР Халық әртісі:

Шетелдік әріптестермен бірігіп кеш беру көптен ойыма алған ісім еді. Анталиялық флейташы Леля ханым шақыруды қабыл алғанда қатты қуандым. Бұл концерттердің соңы емес. Бұйырса, күзде Жамбыл атындағы филормонияда ауқымы үлкен кешіміз өтеді. Бүгінгі құраммен жаңаша туындылар орындайтын боламыз…

Шарада әлем классикасының маржандарымен қоса, қазақ музыкасында айрықша орынға ие Нұрғиса Тілендиев шығармалары және түрік композиторларының тың туындылары тыңдарманға ұсынылды. Өнерпаздар кеш соңында әлемдік саз жауһарларынан бірігіп, бірнеше шығарма орындады.

Леля Байрамоглуллары:

Қазақстанға алғаш келуім. Бірінші рет келсем де, бұл ел мені өз үйім сияқты қарсы алды. Бүгінгі кеш үшін Жәния ханымға рақмет айтамын. Қоржынымдағы шығармалардың әрқайсысының өз тарихы бар. Солардың бірнешеуін ойнап бердім. Тыңдарманға ұнады деген сенімдемін.

Шаттық СӘДУАҚАС

Ерекше балаларға арналған дамыту орталығы ашылды

0

Алматы облысы Талғар ауданы «International Marmara Academy»-да аутизмге шалдыққан балаларды дамыту орталығы ашылды.

Аталған білім ордасына арнайы барған Түркия Республикасы Алматы Бас консулы Эврен Мүддерисоғлұ орталықтың қызметкерлерімен, тәлім алып жатқан балалармен кездесті.

Ерекше балалардың қоғамға оңай бейімделуі, жарқын болашаққа еркін қадам басуында өте маңызды рөл атқаратынын айтты:

Түрік-қазақ достығын нығайту мақсатында әр салада ынтымақтастықты күшейте береміз. Осы орайда, Түркияға танымал өнер қайраткері Леля Байрамоғуллары ханым әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде Қазақстанда концерт қоюға келді. Солардың бірі – бүгін ерекше балалар үшін болатын концерт.

Түркиядан Алматыға арнайы келген Анталья Мемлекеттік симфониялық оркестрінің флейташысы Леля Байрамоғуллары:

Балалар – біздің болашағымыз. Мен шетелдік сапарларымда балаларға өнеріммен қуаныш сыйлауға тырысамын. Қазақстанға келгенде де осы үрдістен жаңылмадық, – деді.

«International Marmara Academy» Білім жөніндегі үйлестірушісі Хилал Ачыкгөздің айтуынша, балаларға арнайы білім бағдарламаларымен қатар дене шынықтыру жаттығулары, жүзу, үстел теннисі, физиотерапия, тіл және сөйлеу терапиясы, қоғамға әлеуметтік бейімделу, футбол, жеңіл атлетика, гимнастика, коньки, велосипед т.б. салалар қамтылған.

Аталған орталық Түркиядағы 35 шет мемлекеттегі 11 мың балаға білім беретін Мармара аутизм білім, терапия және спорт орталығының филиалы ретінде ашылған.

Нәзия Жоямергенқызы

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ МЕЦЕНАТТЫҚ

0

Кейде осы қазақтың мақалдары қызық деп ойлайтынмын. Мысалы, “Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы”. Бермесе сараң болса, несі жақсы ол байдың? Иә, бізге мектеп қабырғасынан бастап “баяғыда бір сараң бай болыпты” деп оқытты ғой. Алдар көсе ол байды алдап кетеді. Сөйтіп әлсіздің кегін қайтарады, кедей-кепшікті жарылқайды. Қарап отырсаң, байларды, байлықты жек көру сезімін санамызға Совет үкіметі мықтап шегелепті.

Жер бетіндегі ең бай адамдар жалпы халықтың 1 пайызын ғана құрайды екен. Және байы көп елдер – ең дамыған елдер. Шын байлар Қытайда, Еуропада, АҚШ-та тұрады. Айтпақшы, сол АҚШ-та салынған оқу ғимараты болсын, тіпті саябақта отырған орындығың, егілген ағашың болсын бір-бір байдың атында деседі. Меценаттың халыққа жасаған тартуы. Оны айғайлатпай, шағын ғана тақтайшаға жазып, іліп қояды. Меценаттық біздің тарихымызда да бар. Әсіресе, қазақ балаларының білім алуына олар мол үлес қосқан. 1841 жылы ел тарихында тұңғыш қазақша-орысша білім беретін мектеп ашылды. Бұл мектепте есімі елге танылған талай тұлға білім алды. Көрнекті композиторлар Құрманғазы мен Дәулеткерей, жүзден астам ғалым-зерттеушілер Асан Тайманов сынды жиырма академик осы мектептен шықты. Ал бұл мектепті салушы кім? Махамбет ақын “хан емессің, қасқырсың” деп өлеңіне қосқан Жәңгір хан. Сол бір шумағын жұлып алып, Махамбеттің өлеңі деп балаларға жаттатты. Ал Жәңгірдің еліне қылған жақсылығын, жомарттығын ұмыттырып жібергісі келді. Қазіргі Астана бұрынғы Ақмола топырағында Баймұхамбет Қосшығұлұлы деген миллионер өмір сүрген. Әуелде сауда-саттықпен айналысқан ол кейіннен кондитерлік фабрика ашып, онысы Еуразия аумағындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорын саналған. Байлығымен қоса, қайырымдылығы үшін “Байкөп” аталып кеткен Қосшығұлұлы бабамыз қалада өз қаражатына бірнеше мешіт, медресе тұрғызған. Басқасы сақталмаса да, ол салдырған қос қабатты, қызыл кірпіштен қаланған мектеп ғимараты әлі тұр.

Атақты “Медеу” мұз айдынының неге “Медеу” аталғанын білесіз бе? Себебі мұз айдыны орналасқан жер 19 ғасырда Медеу Пұсырманұлы әулетінің қыс қыстауы, жаз жайлауы болған. Медеу Пұсырманұлы Верный (Алматы) қаласында көптеген мекемелердің салынуын қаржыландырып, қала маңайына алма бақтарын еккен. “Медеу” мұз айдынына барар жолдағы экологиялық бекеттің қасында мектеп салғызған. 1896 жылы ол ашқан Верный ерлер гимназиясында 226 адам оқыған. Шығыстан шыққан ірі саудагер-көпестер Бидахмет Бөбеген (Бобкин) мен Баязит Сәтпаев та қазақ мектептерінің салынуын қаржыландырған. Бүгінде біз бұл меценаттардың аты-жөнін, елге сіңірген еңбегін білеміз бе? Тарих ақтаңдақтары енді ғана ашылып жатқан тұста еміс-еміс естіп қалатын шығармыз бәлкім. Дегенмен әлі де насихат аз. Бай ұрпақтары қылышынан қан тамған Совет үкіметінің қаһарына ұшырап, көбі итжеккенге айдалып атылды. Тірі қалғандары ата тегін ауыстырып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Енді санаға жазылып қалған байлық қорқынышынан арылып, байлық мәдениетін қалыптастыратын кезең келген шығар, қалай ойлайсыз? Бай болу – ұят емес. Байларды жек көрудің қажеті жоқ, керісінше бай болуға тырысуымыз керек. Әр қазақ өз шежіресін қопарса, байдың, бидің, батырдың ұрпағы екенін біледі. Өзін таниды. Рухы оянады. Қазіргі қоғамда байларға көзқарас қандай? Бай бізге қарыз сияқты. Берешек тәрізді. Ешкім де оның өз бетінше еңбек етіп, табыс тапқанына сенбейді. Байды қанағысы келеді, тұғырынан тайдырып, бар байлығын бөліп алуды көксейді. Мұның 1917 жылғы бәлшебектер пиғылынан қандай айырмашылығы бар? Байға күнімізді қаратпасын, өзіміз бай болайық демейміз бе?! Ұзын да сонар сөзімді Абай хакімнің оныншы қара сөзінен алынған оймен қорытындылағым келіп отыр: “Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол”.

Қазақтан шыққан меценаттар қазір де бар. Бірақ соларды көрсек те көргіміз келмейді. Кешегі пандемияда, бүгінгі су тасқынында халық өзі тиыннан құрап бір-біріне көмектесті дейміз. Халықтан ақша жинап, соны үлестіруші қорларды ғана төбемізге көтереміз. Басқасын айтпағанда, бір ғана Тимур Құлыбаевқа қарасты компаниялар тобы осы кезге дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына 116 миллиард теңге ақша бөліпті. Короновирус індеті кезінде медициналық құрылғылар алуға, Арыста зардап шеккендерге, мұқтаждарға пәтер, үй алуға, тағы басқа қайырымдылық шараларына осы кезге дейін 85 миллиард теңге жұмсаса, су тасқынына байланысты бастапқыда 1,5 миллиард, сосын тағы 30 миллиард теңге аударған. “Берген жомарт емес, алған жомарт” дегендей, мұны да біле жүргеніміз абзал. Сөз басындағы “Бермесе де бай жақсы” деген мақалға қайта оралайықшы. Кезінде талай бай бір-бір ауылды ұстап отырды ғой. Бүкіл ауылды жұмыспен қамтыды. Ол байыса, кедей туысы да құр алақан қалмады. Қазір де ойлаңызшы ауылыңыздан, ауданыңыздан бір бай шықса, кемінде мешіт тұрғызып, ауылға баратын жолды жөндеп береді. “Бермесе де” дегені сол екен. Байлық қуаты бәрібір айналасына шапағатын тигізеді. Әр қазақ бай болсын! Ертегідегідей шықбермес Шығайбай емес, жомарт, қайырымды, парасатты бай болсын.

Әйгерім Сейфолла

Энергетика министрі бірқатар компания мен ұйым басшыларымен кездесті

0

ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Эр-Риядтағы Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) халықаралық ынтымақтастыққа, өсу мен энергетикаға арналған арнайы сессиясына қатысты.

Іс-шара мемлекеттік және жеке сектордың, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми және азаматтық қоғамның мыңнан астам әлемдік көшбасшыларын халықаралық ынтымақтастықты жандандыру және өсу мен дамуға кедергі келтіретін өзекті мәселелерді шешу бойынша елдер арасындағы диалогқа жәрдемдесу мақсатында жинады.

Жиында Алмасадам Сәтқалиев «Энергетика саласындағы даму мақсатында іс-қимылдарды жандандыру» панельдік сессиясына қатысты. Сонымен қатар, ҚР Энергетика министрлігінің басшысы ханзада — Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Абдулазиз әл Сауд, ОПЕК Бас хатшысы Хайтам Әл Гаис, ACWA Power төрағасы Мұхаммед Абунаян, сондай-ақ бірқатар халықаралық мұнай-газ компанияларының өкілдерімен кездесті.

ОПЕК Бас хатшысымен кездесуде ОПЕК+ келісімдері шеңберінде уағдаластықтарды іске асыру талқыланды. Сондай-ақ тараптар мұнай нарығында тұрақтылықты сақтау мақсатында келісілген іс-қимылдарды қолдану қажеттілігі туралы өзара түсіністікке қол жеткізді.

Форум аясында Энергетика министрі «Chevron» компаниясының халықаралық барлау және өндіру жөніндегі президенті Клэй Неффпен кездесті.

Кездесуде тараптар Теңіз кен орнын игеруге, Қарашығанақ кен орнын игеруге қатысты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелерін талқылады. Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыруды және басқа да мәселелерді талқылады.

Энергетика министрлігінің басшысы республика Үкіметінің Теңіз кен орнын игеруге ерекше назар аударып отырғанын атап өтіп, болашақ кеңейту жобасын және ұңғыма сағасындағы қысымды басқару жобасын (ПБР/ПУУД) уақтылы іске қосуды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Тараптар мұнай мен конденсат өндіруді жылына 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруға бағытталған Қарашығанақ кен орнын игеру қарқынына қанағаттанушылықтарын білдірді.

«Chevron» компаниясының президенті Қазақстанмен қолданыстағы және перспективалы бағыттар бойынша стратегиялық әріптестікті нығайту бойынша жұмыс істеуге дайын екенін растады.

А.Сәтқалиев сондай-ақ «Acwa Power» компаниясының төрағасы Мұхаммед Абунаян мырзамен кездесу өткізді. Ол әңгіме барысында Қазақстанның Каспий маңы аймағында ЖЭК жобасын құруға қызығушылық білдірді.

ҚР Энергетика министрі еліміздің Батыс Қазақстанның энергожүйесін бірыңғай энергожүйемен қосу жөніндегі жоспарларын ескере отырып, бұл жоба өте перспективалы болып көрінетінін атап өтті.

Сонымен қатар, компания елде тұзсыздандырылған БГҚ жобаларын жүзеге асыруға жоғары қызығушылық танытуда. Жасыл сутектің дамуын зерттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескере отырып, «Acwa Power» қазақстандық компаниялармен пилоттық жобаларды қарастыруда.

Сондай-ақ, «Acwa power» басшысы Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға қолдау көрсетуге уәде берді.

Түркия және Түркістан туризмі

0

Түркістанда Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен Түркияның Қазақстандағы туризм және мәдениет министрлігінің Туризм және мәдениет атташесі Солмаз Хаберал, Алпарслан Акынджы, Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында, тың тәжірибелер мен ортақ құндылықтарды біріктіру арқылы Түркістандағы туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды.

Былтыр Түркия туристерді тарту бойынша әлемде үшінші орынға шыққан. Алпарслан Акынджынының сөзінше, алдағы бес жылда туризмнен түсетін табысты 100 миллиард долларға жеткізіп, 90 миллион туристтің келуіне мүмкіндік жасау жоспарланған. Мәселен 2022 жылғы деректерге сәйкес Түркияға келген туристер саны 51,4 миллионнан асқан. Бұл індет басталмай тұрғанда (2019 жылы) рекорд болған 51,8 миллионның 99 пайызына тең. 2022 жылы Түркияның туризм кірісі 2019 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Сондай-ақ, Алпарслан Акынджы түркі жұртына танымал кейіпкерлерді жоба ретінде бекітіп, мәдениет және туризм саласында насихаттау өте маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстанмен Түркия бауырлас мемлекет. Оның ішінде Түркістан түркі жұртының атамекені. Сондықтан бізді тарихтан бастап, мәдени құндылықтарымыз ұштастырады. Туризм ұғымы осы екі ел арасындағы байланыстан туындаған жобалар арқылы ілгерлей түсетіні анық. Мысалы Қожа Ахет Яссауи түркі жұртына тиесілі ғұлама. Оның ілімін насихаттайтын екі елге ортақ кино түсіруге болады. Тағы сол сияқты Қорқыт, Алпамыс одан арыға барсақ Тұмар патшайым бар. Біз осы құндылықтарды біріктірер болсақ турзимдік бағытқа жаңа серпін әкелеміз. Сондай-ақ Қазақстанға туризм саласы бойынша өз тәжірибемізді бөлісуге әрқашан дайынбыз» — деді Алпарслан Акынджы.

Ал Түркияның Қазақстандағы туризм және мәдениет өкілі Солмаз Хаберал ханым Қазақстанда үлкен жобалар жасауға болатынын айтады.

«Қазақстанға өз еркіммен келдім. Себебі түбі бір түркі халықтарына ортақ мәдениетке қызмет ету – өзім үшін жаңа қадам. Қазір бақылап отырсам, Қазақстанға бірнеше ауқымды іс-шара, халықаралық жобалар ұйымдастыруға болады екен. Осы тұста қазақстандық инвесторларды екі ел мәдениетін ұштастыратын жобаларды бірлесіп жасауға шақырамын. Менің ойымша, бұл сіздер үшін де өте пайдалы дүние болары сөзсіз. Себебі мәдениет деген ұғымға келгенде «мемлекет қана атсалысу қажет» деген қағида жүрмейтіні сөзсіз, — дейді Солмаз Хаберал ханым.

Одан әрі Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Туризмді дамыту агенттігінің (TGA) 2024 жылға арналған жаңа жобалары БАҚ өкілдеріне таныстырылды.

Журналистер Түркиядағы медицина, спорт туризмі, мәдениет және ішкі туризм саласында TGA компаниясының тәжірибелерімен танысып, ортақ жобалар жайлы ақпаратқа қанық болды. Алдағы уақытта Түркиядағы туризмді дамыту агенттігі Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Туристер Түркия туризмі туралы толық ақпаратты Түркия туризмін дамыту агенттігінің (TGA) www.gotürkiye.com ресми сайтынан біле алады.

Ғалия БИСЕЙІТ

Түркия елшілігінде Ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні аталып өтілді 

0

Астанадағы Түркия Республикасының елшілігінде 23 сәуір – Ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні аталып өтті.

1920 жылы 23 сәуір Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі құрылған күнді, Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал АТАТҮРІК «Ұлттық егемендік және балалар күні» деп жариялап, балаларға тарту етті.

Сол күннен бастап 23 сәуір «Ұлттық егемендік және балалар күні» Түркияның түкпір-түкпірінде балаларға арналған үлкен іс-шаралармен тойлануда.

Биылғы мереке Түркияғa әлемнің түкпір-түкпірінен келген балалармен түрлі іс-шаралармен атап өтілді.
Мерекеге орай Астанадағы Түркия Республикасы елшілігінің ұйымдастыруымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Мереке Қазақстанда тұратын түрік балалары мен салтанатты шараға шақырылған қазақ балаларымен бірге үлкен ықыласпен өтті.

Салтанатты шара барысында балалар мультфильм қаһармандарының бейнесін сомдаған аниматорлардың сүйемелдеуімен және түрлі бояу жұмыстарымен билеп, әуенмен ойнап көңілді уақыт өткізді.

Дәстүр бойынша, биыл елшілік креслосы осы күнге арналған балаға табысталды.

Балалар мәзірі түрінде дайындалған тәттілерден кейін Түркия Республикасының елшісі Мұстафа КАПУДЖУ мерекелік шараларға қатысушы балаларға түрлі сыйлықтар табыс етті.

Halyk Bank пен «Халық» қайырымдылық қоры су тасқынынан зардап шеккендерге қаржы аударады

0

Halyk Bank және «Халық» қайырымдылық қорының қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккендерге бір күндік табысын аударады.

Банк жиналған көмек сомасын 2 еседен артық көбейту туралы шешім қабылдады.

Еліміздегі ірі банк пен «Халық» қайырымдылық қорының ұжымы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға өздерінің бір күндік табысын аудару туралы бастама көтерді.

Қызметкерлерден жиналған ақшалай қаражаттың жалпы сомасы 200 млн теңге болды. Осылайша, банк басшылығы аударым сомасын 2 есеге көбейтіп, 450 млн теңгеге дейін жеткізу туралы шешім қабылдады.

Бұған дейін Halyk Bank және «Халық» қайырымдылық қоры су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін өз қаражатынан 1 млрд теңге аударған болатын. Осылайша, Halyk Bank пен «Халық» қорынан көрсетілген көмектің жалпы сомасы 1,45 млрд теңгеге жетті.

Halyk корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидатын ұдайы ұстанады және әрқашан қиыншылыққа тап болған отандастарына көмектеседі. Банк жиналған қаражат үйі мен мүлкінен айырылған адамдарға қиын кезеңдерден өтуге көмектеседі деп үміттенді.

«Halyk Bank және «Халық» қайырымдылық қорының әрбір қызметкері зардап шеккендерге көмек көрсетуге қатысуды өзінің міндеті деп санады. Сонымен қатар біздің көптеген әріптестеріміз төтенше жағдай режимі енгізілген өңірлерде тұрады және жұмыс істейді. Жұмысшылардың ешқайсысы шетте қала алмады. Біз су тасқынының жойқын зардаптарынан зардап шеккендердің барлығына шын жүректен жанашырлық танытамыз – бұл еліміздің тарихындағы ең үлкен табиғи апат. Қазір бұрынғыдан да күш біріктіріп, біздің қолдауымызға мұқтаж адамдарға көмектесу маңызды. Тек бірлескен күш-жігермен біз осы қиын кезеңді еңсеріп, табиғи апаттың салдарын жоя аламыз. Біз сіздермен, отандастарымызбен біргеміз», – делінген Банк пен Қайырымдылық қорының хабарламасында.

«Шеврон» компаниясы су тасқынына қарсы күреске қомақты қаржы бөледі

0

«Шеврон» корпорациясы «Шеврон Мұнайгаз Инк.» филиалы арқылы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 3 миллион АҚШ долларын бөлетінін мәлімдеді.

Ұзақ мерзімді серіктесі ретінде «Шеврон» Қазақстанға су тасқынының ауыр зардаптарын еңсеруге жан-жақты көмек беруге дайын, – деді «Шеврон» Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс. – Біз халықтың шұғыл қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін осы ресурстардың қажет екенін түсінеміз. «Шеврон» компаниясы Қазақстан халқына айнымас қолдауын білдіреді.

30 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанда қызметін бастаған сәттен бастап «Шеврон» елдегі әлеуметтік жобаларға 460 миллион доллардан астам қаржы бөлді. Компания 2020 жылы Қазақстанға 20 миллион АҚШ долларынан астам сомаға медициналық жабдықтар мен дәрілік заттар сатып алып, коронавирус пандемиясына қарсы күресте қолдау көрсеткен алғашқы шетелдік компаниялардың бірі болды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Түрік кәсіпкерлері апат аймақтарына көмек жөнелтті

0

«МУСИАД ҚАЗАҚСТАН» – тәуелсіз тауар өндірушілер және кәсіпкерлер ассоциациясы» ҚҚ су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге ағайындық көмек көрсетті.

«МУСИАД ҚАЗАҚСТАН» – тәуелсіз тауар өндірушілер және кәсіпкерлер ассоциациясы» ҚҚ-ның басшылығы мен мүшелері су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жөнелтті. Қайырымдылық шарасы Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мүддеррисоглуның қатысуымен өтті.

Шара шеңберінде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға азық-түлік өнімдері мен кілемдерден құралған гуманитарлық көмек Алмалы ауданының комьюнити орталығына табысталды.

Түркия Республикасының Бас консулы Эврен Мүдеррисоғлу акция шеңберінде БАҚ-қа берген сұхбатында:

Қазақстанның батыс, солтүстік және шығыс өңірлерінде орын алған су тасқыны біздің де қабырғамызды қайыстырып отыр. Сел апатынан зардап шеккен барша ағайынмен әрдайым біргеміз. Оларға қымбатты Мусиад мүшелері, меценаттар гуманитарлық көмек жөнелтіп отыр. Гуманитарлық көмек – 110 жәшік азық-түлік және 40 дана кілемнен құралды. Бүгін – қадыр түні. Біз, осы қасиетті күнде зардап шеккен азаматтармен біргеміз, — Деді.

Ал, «МУСИАД ҚАЗАҚСТАН» – тәуелсіз тауар өндірушілер және кәсіпкерлер ассоциациясы» ҚҚ-ның төрағасы Йылмаз Кесен сын сағатта мәселеге бей-жай қарай алмай, азаматтық һәм ағайындық көмек көрсетуді өзіне борыш санағанын айтып өтті.

Сын сағатта бәй-жай қарап отыра алмадық. Әріптестермен ақылдаса келе осындай шара ұйымдастырайық деп шештік. Өйткені бұл азаматтық әрі ағайындық борышымыз. Бүгінгі күн – Қадыр түнімен тұспа-тұс келген екен. «Тас түскен жерінде ауыр» деген сөз бар. Зардап шеккен барша ағайынға Алладан жеңілдік тілеймін. Қандай ауыртпашылық болмасын, бөлісе отырып еңсереміз. Шараға ақпарттық қолдау көрсеткен Нәзия Жоямергенқызы ханымның басшылығындағы Түркі тілдес журналистер қоры мен барша медиа саласының өкілдеріне рақмет айтамын! Біз біргеміз!, — деді Йылмаз Кесен.

Анкара: Ахи Серафеддин мешіті

0

Анкарадағы Ахи Шерефеддин мешіті Эскишехирден жүрдек пойызбен небәрі 1,5 сағаттық жерде орналасқан, қарапайым көрінісіне қарамастан сәулет ғажайыптары.

Селжұқ дәуірінің құрылымы қабірдің ішкі қабырғасындағы көне мәрмәр арыстан мүсініне байланысты Арсланхане (Арыстан үйі) деп те аталады. 24 ағаш бағаналы және мәрмәр астаналары бар бір қабатты мешіт сполия мен ағаштың үйлесімділігін білдіреді.

Король Мидас қаласы және Түркияның ЮНЕСКО-ның 20-шы дүниежүзілік мұра нысаны Гордионға бару керек. Гордион және қала маңындағы елді мекендер мұнда 4500 жыл бойы дерлік үздіксіз өмір сүргенімен ерекшеленеді.

Анкараның Гөлбашы ауданындағы бес миллион жылдық Тулумташ үңгіріне баруға кеңес береміз. Ол – соңғы миллион жыл ішінде ескі қалпын сақтап қалған үңгір.

www.gotürkiye.com

Соңғы жазбалар