Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

0

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» (бұдан әрі ҚДСҰО) мен Колумбия Университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебіндегі ICAP орталығының Қазақстан Республикасындағы өкілдігі (бұдан әрі ICAP) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Qainar.kz.

Жоба «Шеврон» компаниясының бастамасы бойынша және қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады.

«Меморандумға қол қою – COVID-19 эпидемиясына қарсы іс-қимыл бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне кеңес мен практикалық көмек көрсетуге және Қазақстандағы медициналық ұйымдарда инфекциялардың алдын алу мен инфекциялық бақылау жүйесін жақсартуға бағытталған жобаны іске асырудағы маңызды қадам»  дейді компания өкілі Лейла Айтмұханова. «Бірақ бұл біздің бірлескен алғашқы жобамыз емес. Өткен жылы біз тәжірибе алмасу үшін Қытайдан дәрігерлердің келуіне қолдау көрсеттік, медицина қызметкерлеріне тренингтер ұйымдастырдық, сондай-ақ COVID-19 ауруын емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарын сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырдық».

Қол қойылған Меморандум шеңберінде Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы негізінде құрылған медициналық көмекке байланысты инфекциялардың алдын-алу және инфекциялық бақылау жөніндегі үйлестіру орталығының әлеуетін күшейту бойынша шаралар мен қосымша қаржыландыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, ҚДСҰО негізінде инфекциялық бақылау бойынша Консультативтік кеңес құрылады, және елдің барлық 17 аймағындағы әр түрлі деңгейдегі медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау жүйесінің негізгі компоненттерінің қазіргі жағдайы анықталып, бағаланадыБағалау нәтижесі бойынша көпжақты пікірталас өткізіліп, Қазақстандағы инфекциялық бақылау бағдарламаларын бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірленеді.

Сондай-ақ медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекцияларға бақылау жүргізетін ақпараттық жүйені әзірлеу және енгізу жоспарлануда. Практикалық денсаулық сақтау жүйесіне көмек көрсету үшін, ҚДСҰО және ICAP бірлесіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының материалдары мен Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық талаптары негізінде медициналық қызметкерлер мен медициналық ұйымдардың басшыларын инфекциялардың алдын алу және бақылау бойынша оқытуды жоспарлап отыр. Оқыту сертификаттары ҚДСҰО атынан беріледі.

Жобаны іске асыру нәтижесінде медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау бағдарламасының барлық бөліктері жетілдіріледі және ҚДСҰО-ның инфекцияның алдын алу және бақылау шараларын үйлестіру әлеуеті арттырылады. Өз кезегінде, бұл Қазақстан Республикасының жұқпалы аурулармен күресте туындайтын заманауи қиыншылықтарына дайындығын күшейтеді.

ICAP орталығы – АҚШ, Нью-Йорк қаласында орналасқан Колумбия университетіндегі қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің құрамына кіреді. Орталықтың басты мақсаты – жанұялар мен қоғамдастықтардың денсаулығын жақсарту. Бүгінгі таңда ICAP – әлемнің 30-дан астам елдерінің денсаулық сақтау министрліктеріне денсаулық сақтау жүйесін нығайту, оның ішінде медицина қызметкерлерін оқыту, денсаулық сақтау саласында инновациялық тәсілдерді әзірлеу және енгізу бойынша консультациялық-әдістемелік көмек көрсететін және ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асыратын ірі халықаралық ұйымдардың бірі.

Латын графикасындағы жаңа жетілдірілген қазақ әліпбиі жарияланды

0

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді, деп хабарлайды Qainar.kz.

Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, қазақ тілі әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібінің жобасы туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу жөніндегі алдағы жұмыстар туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады. Сондай-ақ ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов түсініктеме берді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды.

Білім беру мекемелерінде жетілдірілген әліпби белгілерін жазу және оқу бойынша сауалнама жүргізілді. Қоғамдық пікірді ескеру мақсатында ашық талқылаулар ұйымдастырылды. Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген.

Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.

«Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Halyk Bank біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнайы шот ашудың операторы болды

0

Halyk Bank тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТесепке алу және пайдалану жөніндегі уәкілетті операторы болды, деп хабарлайды Qainar.kz.

Енді клиенттер онлайн режимінде Halyk Homebank қосымшасында бір реттік зейнетақы төлемдеріне (БЗТарналған арнайы шот аша алады. Арнайы шот ашу аталған төлемдерді алудың негізгі алғышарты болып табылады. БЗТ алудың екінші қадамы – өтінімді толтыру, бұл іс-әрекет аз уақытта қолжетімді болады.

Halyk Bank БЗТ операторы ретінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында БЖЗҚ-нан БЗТ-не арналған арнайы шоттарды келесі мақсаттарға ашып, жүргізеді:

• бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып, тұрғын үйді және (немесе) тұрғын үйді сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге;
• бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып, тұрғын үйді және (немесе) тұрғын үйді сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге;
• ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруға.

Ескерте кететін бір жайт, Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы/лауазымды адамы біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіткеннен кейін, сондай-ақ Банк БЖЗҚ-мен келісімге қол қойғаннан кейін БЗТ алуға онлайн өтінім беру Halyk Homebank қосымшасында мүмкін болады.

Halyk Homebank қосымшасында біржолғы зейнетақы төлемдеріне (БЗТ) арналған шотты қалай ашуға болатындығы туралы қосымша ақпаратты келесі сілтемеден қараңыз.

Мобильді Halyk Homebank қосымшасын осы сілтеме арқылы өтіп, орнатып алуға болады.

Банк жаңалықтарымен сайттан және Halyk Bank-тің әлеуметтік ресми парақшаларынан танысуға болады.

Қазақстанда ҰБТ-2021 басталды

0

Бүгін еліміздің барлық өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталып, ақпанның 5-іне дейін жалғасады. Республика бойынша барлығы 143 тестілеу өткізу пунктінде 1 230 аудитория жұмыс істейді, деп хабарлайды Qainar.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаңтар айындағы ҰБТ коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның келісімімен өтіп, карантинге байланысты түлектер тестілеуді 15 лек бойынша тапсырады.

ҰБТ-ны 120 мыңнан астам адам тапсырады деп жоспарланып отыр. Олар – 11 (12) сынып оқушылары, өткен жылы ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер және шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша басқасына ауысқысы келетін студенттер қатысады.

Тестілеу 5 пән бойынша өтеді: 3 міндетті және таңдаған мамандығына байланысты 2 бейінді пән. ҰБТ қатысушыларына барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша 15 сұрақ, математикалық сауаттылық бойынша 15 сұрақ, оқу сауаттылығы бойынша 20 сұрақ және бейінді пәндер бойынша 35 тапсырмадан болады.

Тестілеу тапсыруға 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ-ға қатысушылар барлығы 140 балл жинай алады.

Өңірлерде ҰБТ өткізу ережелерінің сақталуын жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылайтын болады. Сондай-ақ өңірлердегі тестілеу барысын Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері қадағалайтын болады. Тестілеу үрдісін арнайы мониторингтік топтың және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 403 өкілі бақылауда ұстайды.

Коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында ҰБТ өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталатын болады. Тестілеу барысында қатысушылар арасында кемінде 2 метр қашықтық қамтамасыз етіліп, аудиториялардағы адамдардың саны 50%-ға қысқартылды. ҰБТ басталар алдында аудиториялар бактерицидті шамдармен зарарсыздандырылатын болады. Сонымен қатар санитарлық нормаларға сәйкес ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады.

Қазақстанда 1 ақпанда халықты жаппай вакциналау басталады

0

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды Qainar.kz.

Жаңа тағайындалған ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мемлекеттік қызметші ретінде ант берді.

Отырыста елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндама жасады.

Қазіргі таңда Covid-19 таралу қарқыны бойынша ҚР-ның 6 өңірі «қызыл аймақта» тұр, атап айтсақ: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. «Сары аймақта» — Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Инфекциялық төсек орындардың жүктемесі – 32%, реанимациялық төсек орындар – 23%.

QazCovid-in отандық вакцинасы клиникалық сынақтардың III кезеңінен өтуде (алдын ала тиімділігі – 96%). «Спутник V» вакцинасының сапасын аттестаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. GMP стандарты бар вакциналар шығаратын биофармзауыт салынып жатыр.

«Бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – халықты жаппай вакциналауды ұйымдастыру», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 1 ақпаннан бастап медициналық ұйымдардың халықты «Спутник V»-мен жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда алдын ала шектеу шараларының жоспарын әзірлеуді, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауын қамтамасыз етуді, бір апта мерзімде инфекциялық стационарлар мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек қорларына тексеріс жүргізуді тапсырды.

Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, Ақпарат министрлігімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Жаңа Үкіметтің құрамы белгілі болды

0

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы Президенттің Жарлығы шықты, деп хабарлайды Qainar.kz.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

Тағайындалсын:

Әлихан Асханұлы Смайылов – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары;

Роман Васильевич Скляр – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары;

Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары;

Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі;

Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы;

Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі;

Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;

Аида Ғалымқызы Балаева – Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі;

Сапархан Кесікбайұлы Омаров – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі;

Марат Бақытжанұлы Бекетаев – Қазақстан Республикасының Әділет министрі;

Асхат Қанатұлы Аймағамбетов – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі;

Алексей Владимирович Цой – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі;

Серік Жамбылұлы Шәпкенов – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;

Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;

Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;

Ақтоты  Рахматоллақызы  Райымқұлова – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі;

Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі;

Юрий Викторович Ильин – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі;

Әсет Арманұлы Ерғалиев – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі;

Бағдат Батырбекұлы Мусин – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;

Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев – Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі;

Нұрлан Асқарұлы Ноғаев – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі.

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 18 қаңтар

№ 494

«Қазақстандағы білім беру: STEAM ұлттық моделі» онлайн-конференциясы өтеді

0

15 қаңтарда «Қазақстандағы білім беру: STEAM ұлттық моделі» онлайн-конференциясы өтеді, онда қазақстандық және халықаралық сарапшылар білім беру жүйесінің ағымдағы жай-күйін, проблемаларды және шешу мүмкіндіктерін, атап айтқанда, STEAM-әдістемелерін әзірлеу мен оқу процесіне енгізуді талқылайды, деп хабарлайды Qainar.kz.

Іс-шараны ұйымдастырушы – “Шеврон” компаниясының қолдауымен «Caravan of Knowledge».

“Caravan of Knowledge” басшысы Зарина Биюмбаева атап өткендей, алдағы конференция білім беру саласындағы шенеуніктерге білім беру саясатын жоспарлауда, мектеп директорларына, әкімшіліктер мен мұғалімдерге — ағымдағы білім беру трендтеріне және тиімді менеджментке бейімделуде, бизнес, өндіріс және ғылым өкілдеріне — болашақ кадрларды даярлауда пайдалы болатын стратегиялық менеджмент құралы болып табылады.

“Тәуелсіздік жылдары алғаш рет STEAM-білім беру саласындағы стейкхолдерлермен стратегиялық сессия және фасилитация осындай ашық және ауқымды форматта өтеді», – деп нақтылады Биюмбаева. “Біз осы экожүйеде әркімнің пікірін естіп, ескергіміз келеді”.

STEAM әдістемелері мектептерде белгілі бір пәндерді — ғылым, технология, инженерия, өнер және математиканы (Science, Technology, Engineering, Art, Mathematics) жүргізуді ғана емес, сондай-ақ оқытуға пәнаралық тәсілді, сондай-ақ ақпаратты іздеу және өңдеу дағдыларын, сыни тұрғыдан және креативті ойлау мен таныстыру дағдыларын дамыту үшін ғылыми жобалар арқылы оқушыларды оқытуды – еңбек нарығында қазірдің өзінде қажетті XXIғасыр дағдыларын қамтиды.

Конференцияда спикерлер мен қатысушылар Қазақстандағы STEAM-білім берудің ағымдағы жағдайын — оқу мен оқытудағы қазіргі трендтерді, мемлекеттік білім беру саясатын, қосымша, инклюзивті және ауылда білім беруді талқылайды. Сондай-ақ, бизнес және өндірістік сектор салаларында STEAM дамыту және қолдану мысалдары қарастырылады. Сонымен қатар, АҚШ, Финляндия, Италия және Таиланд сарапшылары STEAM-ның нақты жағдайларда өз елдерінде қалай дамып жатқанын айтып береді.

Іс-шараның толық бағдарламасы және тіркелу — https://caravanofknowledge.com/edustem

Halyk Bank клиенттеріне жоғарылатылған бонустар сыйлайды

0

Halyk Bank өз клиенттеріне банкпен бірге болғаны және қолдау көрсеткені үшін алғыс ретінде тиімді акцияларды ұсынады. Клиенттер Homebank қосымшасындағы барлық қызмет үшін төлем жасау кезінде және Magnum супермаркеттерінде жасаған сауда үшін жоғарылатылған бонустар алады, деп хабарлайды Qainar.kz.

2021 жылғы 12 қаңтардан бастап 16 қаңтарға дейін Halyk Bank жоғарылатылған бонустары бар науқанды іске қосты:

— Homebank қосымшасы арқылы жасаған барлық төлемдерге 5% бонус: ұялы байланыс, коммуналдық төлемдер, интернет және басқа қызметтер комиссиясыз;

— Magnum супермаркеттерінде Halyk Bank картасымен кез келген сатып алуға 5% бонус.

Ең жақсысы – жинақталған бонустармен Homebank-тегі 5000-нан астам қызметті төлеуге болады. Сондай-ақ, бонустарды 17 000-нан астам мүшесі бар Halyk Club серіктестерінің желісінде жұмсауға болады. Halyk Club серіктестерінің тізімін банк сайтында және Homebank қосымшасынан көруге болады.

«Қымбатты клиенттер, бізбен бірге болғаныңыз үшін рақмет айтамыз. Осы алғысымыздың белгісі ретінде біз жоғарылатылған бонустар ұсынатын науқанды қуана хабарлаймыз», – дейді Halyk Bank  төрағасының бірінші орынбасары Антон Мусин.

Мүмкіндікті пайдаланып, қаңтардың 12-сі мен 16-сы аралығында Homebank қосымшасында және Magnum супермаркеттер желісінде қызметтерге ақы төлеу кезінде бонустар алыңыз.

Қазақстан тәуекелі төмен жасыл аймақтан орташа қауіпті сары аймаққа ауысты

0

Қазақстанда 13 қаңтардағы жағдай бойынша 164 477 науқастан COVID-19 және 46 499 пациенттен КВИ- анықталды. Науқастардың 87% сауығып шықты, оның ішінде 150 427 науқас КВИ+ және 34 118 науқас КВИ- шалдыққан. Биыл 13 қаңтардағы жағдай бойынша 5 732 төсек-орында науқас бар. Реанимациялық төсек-орындарда — 357 адам. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Qainar.kz.

Оның айтуынша, елімізде соңғы айда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлаған. Қазақстан тәуекелі төмен жасыл аймақтан орташа қауіпті сары аймаққа ауысты. Қостанай және Ақмола облыстары қызыл аймақта.

«Қазір тәуекелі орташа аймақта немесе сары аймақта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстары тұр. Сондай-ақ, соңғы айда Батыс Қазақстан облысы жасыл аймақтан сары аймаққа көшірілді. Қалған өңірлер жасыл аймақта. Соңғы айда сырқаттанушылықтың Атырау облысында айтарлықтай өсуі байқалады, онда сырқаттанушылық 3,7 есеге, Алматы облысында 1,8 есеге, Қарағанды облысында және Алматы қаласында 1,5 есеге, Маңғыстау облысында 81-ден 315 жағдайға дейін, Түркістан облысында 102-ден 256 жағдайға дейін, Шымкент қаласында 150-ден 195 жағдайға дейін, Қызылорда облысында 48-ден 135 жағдайға дейін өскені байқалады», — деді Е.Қиясов.

Оның айтуынша, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік шараларды күшейту бойынша шаралар қабылдау қарастырылуда. Сонымен қатар, ауруды сырттан әкелу жағдайлары азаяр емес. 13 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік шекарада 859 адамнан КВИ анықталды. Зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 100 мыңға жуық зерттеу жүргізуге дейін артты.

Атырауда жастарға арналған «Самғау» бизнес-фестивалі өтеді

0

Атырау жастарына әлеуметтік стартаптарды бастау принциптері «Самғау» бизнес-фестивалінде үйретіледі, деп хабарлайды Qainar.kz.

16 қаңтарда Атырауда жастарға арналған «Самғау» бизнес-фестивалінің өтуі жоспарлануда.

Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шара «I-SEED: инновациялар — әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» жобасының аясында өткізіледі.

Фестивальді British Council «Шеврон» компаниясымен және облыстық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырады.

«Самғау» мектеп оқушылары мен студенттерге іскерлік дағдыларды үйрету және әлеуметтік салада бизнесті бастау үшін пайдалы болатын көшбасшылық қасиеттерді дамыту мақсатында құрылған.

Табысты кәсіпкерлер мен үздік жаттықтырушылар онлайн-фестиваль қатысушыларына бюджетті минималды стартапты дамыту туралы және кәсіпкерліктің басқа аспектілері туралы айтып береді. Сонымен қатар, фестивальде Атыраудағы жас кәсіпкерлердің жетістіктері туралы «Мен өз бизнесімді 25-ке дейін аштым» деректі фильмінің премьерасы өтеді.

Фестиваль қатысушылары ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылған Abay Oqulary поэзия байқауына, ең үздік әлеуметтік жобаны анықтайтын «StartUP жанұя» отбасылық байқауына қатысуға мүмкіндік алды.

Фестиваль қазақстандық әнші Мирас Жүгінісовтің онлайн-концертімен аяқталады. Фестивальдің ұйымдастырушылары – British Council, «Шеврон» компаниясы және Атырау облысының әкімшілігі.

Фестивальге www.iseed.kz сайтта тіркелуге болады.

Соңғы жазбалар