Атырауда жастар мен жасөспірімдерге арналған STEAM JasSpace орталығы ашылды

0

Атырау қаласындағы Абай атындағы орталықта STEAM JasSpace жастар мен жасөспірімдерге арналған кеңістік ашылды, деп хабарлады Qainar.info.

Абай атындағы орталықта STEAM JasSpace жасөспірімдер мен жастарға арналған кеңістіктің ашылу салтанаты өтті. Бұл шара «JasSpace: Атырау қаласы жастарын дамыту бастамасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында Атырау облысы әкімдігі, облыстық білім беру басқармасы, «Шеврон» компаниясы және «Орталық Азияның Еуразия қоры» КҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға орайластырылды.

Бағдарламаның мақсаты – JasSpace кеңістігінің айналасында STEAM бағыттары бойынша жастарды оқытуды қамтамасыз ететін және осы салалардағы кәсіптердің танымал болуына ықпал ететін экожүйені құру.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушовтың айтуынша, бұл орталық ел мен қоғамның дамуында ғана емес, сондай-ақ кейінгі ұрпақтарды тәрбиелеуде де үлкен рөл атқарады.

«Облыс әкімінің атынан, қоғам атынан «Шеврон» компаниясына осы орталықты құруға тікелей қатысқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Атырау облысының балалары мен жастары Абай орталығының JasSpace кеңістігінде жаңа технологияларды меңгереді және болашақта осы жоба аясында дайындықтан өткен жастар техникалық білімді қажет ететін аймақтың ірі мекемелерінің жұмысына ықпал етеді деп үміттенемін», – деп толықтырды Таушов мырза.

STEAM JasSpace кеңістігі – бұл жастар мен жасөспірімдерге арналған инновациялық жобалар мен бағдарламалар алаңы. STEAM бойынша білім беру ғылым, технология, инженерия, өнер және математика (STEAM – Science, Technology, Engineering, Art and Mathematics) сияқты салаларда бір уақытта дағдыларды дамыта отырып, оқытудың интеграцияланған және пәнаралық әдісіне негізделген.

«Шеврон» компаниясы Абай атындағы орталықтың құрылысына қатысты. Енді орталықта STEAM білім беруді дамытуға көмектесу – біз үшін үлкен мәртебе. «Шеврон» бірқатар білім беру, кәсіби және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырады. Осындай бағдарламалардың бірі – STEAM JasSpace. Жоба Атырау қаласының жастары мен балаларына пайдалы болып, техникалық дағдыларға үйрететініне және заманауи еңбек нарығында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыратынына сенімдімін», – деп атап өтті «Шеврон» Еуразиялық бөлімшесі басқарушы директорының міндетін атқарушысы Марк Пэйн.

Бағдарлама «Шеврон» компаниясымен серіктестікте іске асырылады және STEAM бағдарламасы бойынша мектеп оқушыларын оқытуды, сондай-ақ STEAM бағыттары бойынша біліктілікті арттыру курстары арқылы Атырау облысы педагогтерінің әлеуетін кеңейтуді қамтиды. Бағдарламаны Орталық Азияның Еуразия Қоры Абай атындағы орталығымен, Атырау облысының әкімдігімен және жергілікті ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырады.

«Біздің қордың міндеттерінің бірі – STEAM бағыттары бойынша Абай атындағы орталықтың оқытушыларының біліктілігін, Атырау облысының жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдерінің әлеуетін арттыру және Атырау облысының оқушылары мен жастарына STEAM бағыты бойынша қосымша білім беруді ұйымдастыруға көмек көрсету болып табылады», – деп атап өтті Орталық Азияның Еуразия қорының директоры Ринад Темірбеков.

Қазақстанның 3 қаласында «Fake news. Fact-checking. Information manipulation» атты семинар-тренинг өтті

0

«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы, Шымкент, Қостанай қалаларында «Fake news. Fact-checking. Information manipulation» тақырыбында семинар-тренинг өтті, деп хабарлады Qainar.info.

Аталған жобаға Қазақстандағы Америка Құрама Штаттары дипломатиялық миссиясы қолдау білдірді.

2022 жылдың 8-9 сәуірі мен 11-12 сәуірінде Алматы, Шымкентте ұйымдастырылған семинар-тренингке Британиядан «Avrupa» медиа холдингінің қожайыны, журналист Ватан Өз бен ВВС телеарнасының Нидерландтағы меншікті тілшісі Юсуф Өзкан шақырылды.

Шараға Алматы қаласымен бірге Қазақстанның барлық облыс, аудан, аймақтарындағы телеарна, газет, сайт, радиоарналарда жұмыс істейтін 80 журналист қатысты.

Жобаның басты мақсаты – журналистердің ақпарат алу және таратудағы кәсіби білігін арттыру, фактчек жасау тәсілдерін меңгерту, деректерді тексеру, жалған ақпаратпен күресуге үндеу.

«Бұл жоба негізінен 2021 жылдың 25-ші қарашасында басталды, ZOOM платформасы арқылы төрт айға созылған онлайн курс 2022 жылдың ақпанында аяқталды.
Семинардың басты мақсаты – жалған ақпараттармен күрес, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ақпараттық манипуляцияны анықтау, деректерді тексеру, фактчек жасау. Оған қоса ақпараттық монипуляциядан аулақ болу жайлы үйренеді», — деді «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Назия Жоямергенқызы.


Алматыдағы семинар-тренингтің ашылу салтанатына Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Кэролайн Сэвидж қатысып, журналистермен кездесу кезінде жалған ақпаратпен күрестің маңызына тоқталды.

«Журналист кез келген ақпаратты жариялағанда адамдарды адастырмау үшін жауапкершілікті сезінгені жөн. Одан бөлек әлемдегі тың ақпаратты тарата білу журналистердің артықшылығы деп білемін. Пандемия басталғалы коронавирус пен вакцинаға қатысты дезинформация мен конспериалогиялық ақпараттардың қалай тез тарағанын барлығымыз көрдік. Өкінішке қарай, ол вирусқа қарағанда тез тарады. Оған қоса Ресейдің Украинаға басып кіруі мен климаттың өзгеруі және өзге де мәселелерді мысалға келтіруге болады. Сол себептен сіздердің жұмыстарыңызда мұқияттылық пен біліктіліктің жоғары болғаны маңызды», — деді Бас консул.

Алматыдағы салтанатты кеште «Avrupa» медиахолдингінің жетекшісі Ватан Өз Түркітілдес журналистер қорының президенті Назия Жоямергенқызын Еуропадағы түркі журналистер ассоциациясының атынан «PRESS AWARDS-2022» сыйлығымен марапаттады.

Таңдандырған Түркия

0

Биылғы сәуірдің 27-сі мен мамырдың 1-і аралығында талдықорғандық әріптес Айман Асылбекова екеуімізге тарихы терең, қойнауы құпияға толы Түркияға сапар шегудің сәті түсті.

Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қоры мен оның басшысы Нәзия Жоямергенқызының тікелей қолдауы арқасында сапардың барлық шығынын ұйымдастырушылар көтерді.

Осындай мүмкіндіктің арқасында ел аралап, жер көрдік. Жақсы адамдармен танысып, сапарлас болдық. Бұл сапарға көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Косово, Македония елдерінен дәл біз сияқты ондаған журналист шақырылған екен. Ұйымдастырушылар 5 күндік сапардың әр минутын бағалап, өте тығыз жоспар құрыпты.

Алғашқы сапарымыз Диярбакыр қаласының Диджле университетінде «Шығыстың үш жұлдызы атты» кітаптың тұсаукесеріне қатысудан басталды. Кітапқа күрт, араб, түрік ақындарының өлеңдер жинағы енген. «Шығыстың үш жұлдызы» атанған күрд әдебиетінің белді өкілі молда Ахмед-и-Джезери, Факи-ий Тейран және Ахмед-и Ханидың туындылары кітап болып басылып шыққан. Өз заманының ойшылы саналған тұлғалардың шығармаларының жас ұрпаққа берер тәлімі мол. Арада қанша ғасыр уақыт өтсе де әлі күнге маңызын жоймаған. Ақындардың шығармашылығын зерттеген ғалымдар тек тарихи жазбаларымен шектеліп кітап шығарып қана қоймай, сонау 16-шы ғасырдағы өлең шумақтарынан елдің болмысын, тыныс-тіршілігін танып, тарихи фильмде түсіріпті.

Ғалымдар ақындардың шығармалары әлі де талай кітапқа арқау болады дейді. Айтпақшы, ауқымды жұмысқа атсалысқан Диджле университеті 1966 жылы ашылған. Түркияның 30 үздік университеттері қатарына енеді. Білім ордасында 33 мың студент білім алады екен.

Жиынға Түркияның мәдениет және спорт министрі, университет ректоры, профессорлар, жергілікті журналистер қатысты. Іс-шарадан соң Туризм және Мәдениет министрінің орынбасары Ахмет Мисбах Демирхан мен Диярбакыр қаласының губернаторы Мунир Каралоглу журналистермен арнайы кездесті. Елдеріне сапарлап келген шет елдік журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бұдан кейін сапарымыз құрылысы сонау 349 жылы басталған Диярбакыр қорғанында жалғасты. Бұл үлкендігі жағынан әлемдегі Ұлы Қытай қорғанынан кейінгі екінші қорған саналады. Ұзындығы 15 км, ені 3-5 м, ал биіктігі 10-12 м құрайды. Жаугершілік заманда қаланы жаудан қорғау үшін cоғылған қорғанның 82 мұнарасы, 4 қақпасы болған. Қорғанның құрылысына жаңбыр мен қарға төзімді базальт тасы мен цемент қолданылған. Содан да болар бұл қорған қазіргі заманға жетіп, Диярбакыр қаласының басты көзірі болып табылады. Тарихи жәдігер бүгінде ЮНЕСКО-ның қорғауында. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осы қорғанды өз көздерімен көру үшін жыл сайын 1 млн турист келеді екен.

«Болашақ» бағдарламасына қанша жаңа мамандық қосылды

0

40 жаңа мамандық «Болашақ» бағдарламасының тізіміне кірді осындай тақырыппен bolashak.gov.kz сайты мақала жариялаған.  Нақты 40 мамандық па әлде бұрын соңды тізімде болған мамандықтар ма фактчекинг жасап көрдік. 

Биылғы еңбек нарығының трендтерін талдаудың нәтижесінде, «Болашақ» бағдарламасының басым мамандықтар тізіміне инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және индустриялық инженерия, жаратылыстану ғылымдары саласындағы 40 жаңа мамандық қосылды. Осы ретте 17 мамандықтың атаулары кеңейтіліп, бұрыннан бар мамандықтар қатарына қосылса, ал 23-і жаңа мамандықтар ретінде енгізіліп отыр.

Шешім: Манипуляция

40 жаңа мамандықтың тек 23- і ғана жаңа мамандық.  Қалған 17-і мамандық тізімде болған. Тек атаулары өзгерген.

Былтыр Қазақстаннан қанша адам көшіп кетті?

0

Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Бекқали Торғаев былтыр Қазақстаннан көшіп кеткендерге қатысты депутаттық сауал жолдады.

Қазақстаннан шетелге кететіндердің саны 2021 жылы 32 мыңнан асты. 2020 жылға қарағанда ол 10,6 пайызға көп, — деді депутат.

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстаннан шетелге жалпы саны 32 209 адам кеткен. Оның ішінде қаладан қоныс аударғандардың саны — 26 836 адам болса, ауылдан 5 373 адам шетелге қоныс аударған. Ал осы аралықта Қазақстанға 10 982 адам келген.
2020 жылы Қазақстаннан 29 088 адам шетелге кеткен. 2021 жылмен салыстырғанда 3 121 адамға немесе 10,7%-ке аз.

Елордалық оқушылар оқу жылы басталғалы автобусқа 14 млн рет мінген

0

Елордада 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың наурызына дейін мектеп оқушылары қоғамдық көлікті 14 миллион рет мінген. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов жазды, деп хабарлады Qainar.info.

Әкімнің осы мәліметіне факчекинг жасауды жөн көрдік.

Қаладағы қоғамдық көлікке қатысты CTS компаниясы бұл ақпаратты растады.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында және қала маңында тұратын және оқитын 18 жасқа толмаған балалар үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін екендігін жеткізді.

Үкім: шындық

Айта кетейік, мектеп көлік картасына міндетті түрде валидация жасауы керек.

Fake news: Қостанайда журналистерге арналған семинар-тренинг өтті

0

Қостанай қаласында Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен 2022 жылдың 27-28 сәуірінде «Fake news. Fact-checking. Information manipulation» тақырыбында семинар-тренинг өтіп жатыр, деп хабарлады Qainar.info.
Шараға Қазақстанның барлық облыс, аудан, аймағынан арнайы сауалнама арқылы алдын ала іріктеуден өткен 30 журналист қатысып жатыр. Журналистердің жол, тамақ, қонақүй шығыдары Түркітілдес журналистер қоры өтейді.
БАҚ өкілдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған семинар-тренинг бұған дейін зум платформасы арқылы төрт ай бойы онлайн форматта өткен. Офлайн форматта 2022 жылдың 8-9 сәуірінде — Алматы қаласында, 11-12 сәуірде Шымкент қаласында екі күн бойы республиканың түкпір-түкпірінен жиналған телеарна, газет, сайт, радиоарнада жұмыс істейтін 52 журналист қатысып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды. Семинар-тренингтің жалғасы Шымкент қаласында тағы екі күнге жалғасты. Шеберлікті шыңдау сабағына шетелдерден арнайы медиамамандар шақыртылып, дәріс оқыды. Атап айтсақ, екі қалада ұйымдастырылған семинар-тренингке Британиядан Батан Өз, Нидерландтан Юсуф Оскан келді. Олар жергілікті журналистерге жалған ақпардың салдары мен маңызын түсіндіріп, семинардың қызықты өтуіне септігін тигізді. Шетелдік мамандардың берген берген білімі мен тәжірибесі журналистерге жұмыс барысында көп көмек болары анық.
Ал Қостанайда өтетін шараға 12 қаладан 30 журналист қатысып, фактчек бойынша отандық білікті мамандардың дәрісін тыңдап, шеберлікті шыңдауға мүмкіндік алмақ. Шарада аймақтардан келетін журналистер жалған ақпаратқа тойтарыс берудің әдіс-тәсіліне қанық болып, ақпарат майданында кәсіби біліктілікті кәдеге жарата алудың қыр-сырымен танысуда.
«Семинардың басты мақсаты – жалған ақпаратпен күресу. Оның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланатын жалған ақпараттардың алдын алу. Бүгінгі күні халықтың медиасауатын ашу маңызды болып тұр. Жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік көзделетінін халыққа ұғындыру міндеті тұр. Бұл үшін халықты ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған журналистердің өзі жаңалықтардың жалған-өтірігін ажыратып, сараптай алуы керек. Елдегі карантин шектеулері, қасіретті қаңтар оқиғасы, Украина мен Ресей арасындағы соғыстан кейін жалған ақпарат, ақпараттық манипулация, шынайы ақпаратты жасырып қалу бұрынғыдан да өрши түсті. Ал кәсіби тұрғыда ақпарат тарататын журналистер кейде ақпараттардың рас-өтірігін ажыратудан қалды. Пандемиядан кейін «инфодемия» деген термин пайда болды. Бұл семинардың түпкі мақсаты – шынайы ақпаратты бұрмалап, жалған ақпараттың таралуына соққы беруді кәсіби тұрғыда меңгерту», — дейді Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы.
Түркітілдес журналистер қоры 2014 жылдың 11 қарашасында құрылған. Басты мақсаты — Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің кәсіби шеберлігін шыңдап, түркі әлемі журналистері арасында берік әріптестік орнату. Аты айтып тұрғандай, осы уақытқа дейін Қордың ұйымдастыруымен түркі әлемінің журналистері әріптестік қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасуда елімізде және шетелдерде әртүрлі шаралар ұйымдастыруға мұрындық болып келеді. Бүгінде қор жанынан ашылған Жас журналистер мектебі мен Қазақстандағы әйел журналистер клубы, Медиатренерлер мектебі тұрақты жұмыс істейді. Медиамектепте қазақстандық және шетелдік тәжірибелі мамандар журналистерге арналған түрлі тақырыпта онлайн және офлайн форматта сабақ береді. Сондай-ақ 2007 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын журналистер арасында республикалық деңгейде қаржы тақырыбында «Еркін сөз» байқауы ұйымдастырылады.

Қазақ ұлттық университетінде журналистикаға арналған халықаралық конференция өтті

0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту модельдері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция биыл алтыншы рет өтті, деп хабарлады Qainar.info.
Халықаралық журналистиканың даму трендтеріне арналған ғылыми жиын Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен өтіп келеді. Биылғы конференция жұмысына АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Польша, Түркия, Мексика, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінен ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысып, журналист қауіпсіздігі, климат өзгерісі, медиа ақпараттық сауаттылық, қақтығыстарды БАҚ беттерінде жариялау, гибридтік білім берудің технологиялары, Орталық Азиядағы миграция, бейбіт, демократиялық қоғам құру т.б. қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді қозғап, шешілу жолдарын ұсынды. ЮНЕСКО кафедрасы әлем ғалымдарын, медиа-педагогтар мен халықаралық журналистерді бір платформаға біріктіріп, заманауи журналистиканың даму үрдістерін жан-жақты талқылауға мұрындық болды.
Қазіргі цифрлық ортада қауіпсіздік мәселесі кімді де болса алаңдатары даусыз. Осы орайда алқалы жиында қозғалған жасанды интеллект, үлкен деректермен жұмыс, журналистиканың адамзат өміріндегі маңызы мен қызметі туралы пікірлер түйткілді мәселелердің тиегін ағытты әрі олардың шешімін табуына журналистер, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ, ЖОО оқытушылары мен әлемдік журналистика мектептері бірлесе қызмет етуі тиіс екендігіне тағы да көз жеткізді.
Халықаралық конференцияны ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Хайдар Тасибеков қоғам өміріне белсенді қатысып отырған қазіргі университеттердің рөліне тоқталды. Бүгінгідей жаһанданған білім беру парадигмасы контексінде әлемді тұрақты дамыту моделін жүзеге асыруға қабілетті «үшінші ұрпақ» университеттерінің рөлі өсіп отырғандығын атап өтті.
ЮНЕСКО Кластерлік бюросының өңірлік маманы Сергей Карпов дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні қарсаңындағы өткізілген алқалы жиынның маңыздылығын атап, азаматтардың сенімді ақпаратқа құқықтары, журналистиканың халықаралық стандарттарын сақтау академиялық қауымдастық тарапынан қолдау тауып отыруы қажеттігін баса айтты. Ұлттық маман ЮНЕСКО әзірлеген ең маңызды журналистік тақырыптарды қамтитын жаппай ашық онлайн курстарға тоқталды. Осы орайда ЮНЕСКО кафедрасының халықаралық жоба аясында Орталық Азия университеттеріне арналған ашық онлайн курстар даярлап жатқандығын айта кету қажет.
Түркітілдес журналистер ҚҚ Президенті Нәзия Жоямергенқызы Қазақстан журналистикасының қызмет ету ерекшеліктеріне тоқталып, журналистердің ақпарат алудағы және таратудағы кәсіби білігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Конференция жұмысына қатысқан Британиядағы «Avrupa» медиахолдингінің президенті Ватан Өз бен ВВС телеарнасының Нидерландтағы меншікті тілшісі Юсуф Өзкан қазіргі медианың ең маңызды деген міндеттерін атап, фактчек жасау тәсілдерін меңгеру мен жалған ақпаратпен күресу туралы пікірлерімен бөлісті.

Конференцияға өзге елдерден қатысқан ғалымдар қазіргі таңдағы халықаралық тұрақтылыққа фейк ақпараттардың ықпалын баса айтты. Қазіргі геосаяси жағдайда сенімді, шынайы ақпарат берудің маңыздылығы, журналистердің біліктілігі мен кәсіби этиканы сақтауы, болашақ кәсіби білікті мамандар даярлаудағы оқыту форматтары мен құралдары да назардан тыс қалған жоқ.
Алқалы жиын халықаралық ұйымдардың өкілдері мен танымал медиа тренерлердің шеберлік сыныптарына ұласты.

Назгүл Шыңғысова
ЮНЕСКО-ның журналистика және
коммуникация кафедрасының меңгерушісі
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ

Halyk Homebank жаңа сервисті іске қосты

0

Тұрғылықты жеріңіз бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуді тез әрі ыңғайлы рәсімдеу қажет пе? Halyk Homebank қосымшасындағы бірегей жаңа сервисті пайдаланыңыз және тіркеуге өтінімді бірнеше минут ішінде беруге болады, деп хабарлады Qainar.info.
Енді көшіп келген тұрғылықты жерге тіркелу үшін Halyk Homebank қосымшасы орнатылған смартфонның болғаны жеткілікті. Жаңа сервисті пайдаланудың маңызды шарты мемлекеттік дерекқорларда цифрландырылған мәліметтің болуы (тұрғын үй иесі, бірге иеленушілер және тіркелетін адам) және Halyk Homebank қосымшасына тіркелу қажет. Қосымша арқылы өзіңізді, 14 жастан 16 жасқа дейінгі балаңызды тіркей аласыз.
Мысалы, егер сіз тіркелу қажет тұрғын үйдің иесі болсаңыз, Halyk Homebank қосымшасына кірсеңіз жеткілікті:
1. мемлекеттік қызметтер бөлімінде “Тіркелу” тармағына кіріңіз;
2. “тіркелу түрін” таңдаңыз – “тұрақты / уақытша”;
3. “өзіңізді” немесе “балаңызды (14-16 жас)” көрсетіңіз;
4. “меншік иесі” қойындысында жылжымайтын мүліктің нақты мекенжайын толтырыңыз;
5. өзіңіз туралы жалпы ақпаратты көрсетіңіз;
6. жолданған СМС-код арқылы өтінімге қол қойыңыз.
Өтінімнің нәтижесі экранда көрсетіледі, сондай-ақ оны Halyk Homebank қосымшасының “Тарих” бөлімінде көре аласыз.
Сонымен қатар, сіз достарыңызды, туыстарыңызды немесе кез келген үшінші тұлғаны тіркей аласыз. Бұл жағдайда банк қосымшасындағы тіркелу бөлімінде “Мен үй иесі емеспін” тармағын таңдап, жылжымайтын мүлік иесінің ЖСН енгізіп, өтінімге қол қою қажет. Келісілгеннен кейін сізге тіркеу нәтижесі туралы хабарлама келеді.
Банк қосымшасы үшін бірегей қызмет Ішкі істер министрлігінің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және ІІМ “Ақпараттық-өндірістік орталық” РМК қолдауымен Halyk Homebank клиенттері үшін цифрлық сервистердің мүмкіндіктерін кеңейту шеңберінде енгізілді.
Halyk Homebank қосымшасының цифрлы қызметтері, оның ішінде мемлекеттік қызметтердің тізбесі үнемі кеңейіп отырады. Клиенттер белсенді дамып келе жатқан цифрлы мемлекеттік сервистердің кең мүмкіндіктерін барынша пайдалана алуы үшін Halyk Bank мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жеке бизнес серіктестермен белсенді ынтымақтастық орнатуда.

БАҚ өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтеді

0

«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры 8-9 сәуір күндері Қазақстандағы Америка Құрама Штаттары дипломатиялық миссиясының қолдауымен Алматы қаласында «Fake news. Fact-checking. Information manipulation» тақырыбына семинар-тренинг өткізеді, деп хабарлады Qainar.info.

Семинар-тренингтің ашылу салтанатына Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Кэролайн Сэвидж қатысып, журналистермен кездеседі.

Британиядағы «Avrupa» медиа холдингінің басшысы Ватан Өз бен ВВС телеарнасының Нидерландтағы меншікті тілшісі Юсуф Өзкан медиа тренер болатын шараға Алматы қаласымен бірге Қазақстанның барлық облыс, аудан, аймақтарындағы телеарна, газет, сайт, радиоарналарда жұмыс істейтін БАҚ өкілдері қатысады.

Семинар-тренингтің басты мақсаты – журналистердің ақпарат алу және таратудағы кәсіби білігін арттыру, фактчек жасау тәсілдерін меңгерту, деректерді тексеру, жалған ақпаратпен күресуге үндеу.

“Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ

Instagram: @uscgalmaty @usinkz
Facebook: U.S. Consulate Almaty / U.S. Embassy Kazakhstan / Посольство США в Казахстане

Соңғы жазбалар